Қызылорда қалалық мәслихатының құқық қорғау, жастар ісі және әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы көшпелі түрде қалалық жастар ресурстық орталығында өтті. Комиссия отырысында Қызылорда қаласында жастарды қолдау шараларының жүзеге асырылуы, жастардың жұмыспен қамтылуы мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілік, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева хабарлама жасады.
Жиын барысында пробация қызметінде тұратын жастардың жұмыспен қамтылуы, жұмыссыз азаматтардың қарапайым еңбек түрлеріне бармайтындығы, жұмыспен қамтуға арналған жобалардың заманауи әдістерге сүйене отырып ақпараттандырылуы, жастардың жұмыссыздық есебіне тіркелуі, әлеуметтік көмектер алу үшін отбасылардың ажырасуы, жастарды әскерге баруға ынталандыру, отбасында баланы Отан алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу, масылдықтан арылу, республика бойынша ақылы оқу қаражаттарына мониторинг жүргізу, жастардың оқыған мамандықтарына сәйкессіздігі, қалалық жастар ресурстық орталығында мамандардың жетіспеушілігі, қала бойынша жастар санына шаққанда саланы қаржыландырудың аздығы, қаланың шет аудандары мен ауылдар бойынша жастарға арналған аула клубтарын ашу және басқа да мәселелер талқыланды.
Көшпелі отырысқа қалалық мәслихаттың депутаттары, бірқатар қалалық дербес бөлімдердің басшылары, облыстық білім және денсаулық сақтау басқармасының жауапты мамандары, қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары, кент және ауылдық округ әкімдері, қалалық Полиция басқармасының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәслихат депутаты Бауыржан Мастеков күн тәртібіндегі ауқымды мәселені көтеріп, жастарды әскерге ынталандыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын аяқталған соң депутаттар орталықтың жұмысымен танысып, өзекті мәселерді талқылады. Көшпелі отырысқа комиссия төрағасы Қайрат Ерназаров төрағалық етті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!