Жаңа оқу жылында студенттер сапалы білім алу үшін жан-жақты жағдай жасалу керек. Білім алушылар үшін ең маңызды фактордың бірі – жайлы, таза, заманға сай жабдықталған жатақхана екені рас. Қазір аймақта үш жоғарғы оқу орны, отыз арнаулы орта білім беру ұйымдары және оларға қарасты жиырма алты студенттік жатақхана бар. Жуырда «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалы студенттердің «екінші үйіне» арнайы мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Арнайы жасақталған мобильді топ жұмыстың бірінші күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжі, И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық техникалық жоғары колледжі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі жатақханарына мониторинг жасап, оқу орындарының басшыларына бірқатар ұсынысын жеткізді. Ал келесі күні маңызды іс-шара «Болашақ» университеті, Қызылорда медициналық жоғары колледжі, “Ақмешіт” көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі, «Өркениет» жатақханасында жалғасын тапты.
− «Жастар рухы» жастар қанаты бірнеше жылдан бері жаңа оқу маусымының алдында мемлекеттік және жергілікті оқу орындарының базасындағы жатақханаларға арнайы мониторинг жүргізіп келеді. Мониторинг студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, жатақханалардың оқу жылына дайындығы мен санитарлық нормаларға сәйкестігін анықтау мақсатында ұйымдастырылуда. Аталған шара барысында бірнеше кемшілік анықталып, оқу орындарына ескерту берілді. Оқу жылына дейін түзету жұмыстарын қайта тексеретін боламыз, − дейді «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабек.
Айта кетейік, мобильді топтың құрамында облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің статист маманы Е.Жаматов, «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиал басшысы Л.Бақтыбаева, «Жастар рухы» ЖҚ, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу бөлімінің аға кеңесшісі Ә.Қазтай және БАҚ өкілдері бар. Алдағы уақытта жатақханаға мониторинг жұмыстары барлық ауданда жүргізіледі. Бұдан бөлек «Жастар рухы» ЖҚ жатақханаға орналасу кезінде келеңсіз жағдайға тап болған студенттерге арнап жедел желіні іске қосты. Енді студенттер заңсыз орын бөлу немесе жемқорлық фактілеріне жолыққан жағдайда ұйымның көмегіне жүгіне алады. Ал «Жастар рухы» ЖҚ білім алушылар тарапынан түскен арыз-шағымдарды тиісті органдарға жолдап, мәселенің шешілуіне ықпал жасайды.
⠀
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!