Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 және №3 студенттік жатақханаларына мониторинг жүргізілді. Бұл тексеру жұмыстарына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанындағы Қызылорда облыстық студенттік омбудсмені Назерке Жасұланқызы мен Қызылорда студенттері Альянсының төрағасы Расул Базарханұлы қатысты.

Мониторинг барысында жатақханалардың қысқы маусымға дайындығы тексерілді. Жатақханалардың жылыту жүйесі, терезе және есіктердің тығыздығы, жалпы жылу жүйелерінің жұмыс істеу деңгейі мұқият қаралды. Сонымен қатар санитарлық талаптардың сақталуы, қауіпсіздік стандарттарының орындалуы мен тұрмыстық жағдайлардың (техника және жиһаз) сай болуы назарға алынды.

Жатақханалардағы студенттердің тұрмыс жағдайы мен оқу процесіне қолайлылық деңгейі бағаланды. Жатақханалардың санитарлық тазалығы, жуыну бөлмелері мен асханалардың жағдайы тексерілді. Қауіпсіздік талаптары бойынша өрт қауіпсіздігі, алғашқы көмек көрсету құралдарының қолжетімділігі мен басқа да қауіпсіздік шаралары қарастырылды.

Студенттердің өзіндік пікірі мен толғандыратын сұрақтарына ерекше назар аударылды. Мониторинг барысында студенттермен кездесу өткізіліп, олардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Студенттерге ұйымдар мен студенттік омбудсмен туралы ақпарат беріліп, байланыс құралдары көрсетілді.

− Біздің мақсатымыз − студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсарту, олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Студенттердің пікірлері мен ұсыныстары біз үшін өте маңызды, − деді Қызылорда облыстық студенттік омбудсмені Назерке Жасұланқызы.

Оның айтуынша, мұндай мониторингтер студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсарту және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жатақханаларда анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!