Жеке сот орындаушыларына алимент төлемейтіндерді жауапкершілікке тарту бойынша қосымша өкілеттіктер берілуі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазіргі уақытта алимент төлемейтіндерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін хаттама жасау қажет. Жеке сот орындаушысының мұндай құқығы жоқ. Ол үшін борышкерді әділет органдарына жеткізу керек, онда әділет органдарының лауазымды адамы тиісті әкімшілік хаттама жасайды. Бұл ретте, борышкер әділет органдарына баруға ниет білдірмесе, онда оны күшпен тек полиция ғана апара алады», деді Қанат Мусин.
Оның айтуынша, мұндай механизмнің бірқатар кемшіліктері бар.
«Адамды жауапкершілікке тарту үшін көп уақыт жұмсау керек болатын механизм пайда болады. Егер заңды түрде жеке сот орындаушысының өзіне әкімшілік хаттама жасау құқығы пайда болса, бұл құқық бұзушылардың санын едәуір азайтып, оларды тезірек жазалауға ықпал етеді. Біз қазір атқарушылық іс жүргізу туралы жаңа заңның тұжырымдамасын әзірлеудеміз. Бұл мәселені шешудің тиімді құралдарының бірі болғандықтан, сот орындаушысының дәл осындай өкілеттілігін белгілейміз», деп атап өтті министр.
«Жалпы, біз облыс әкімдіктерімен меморандум жасастық, Бос орындар жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп тұрады, онда жұмыс орны жоқ борышкерлердің келуін қамтамасыз етуге тырысамыз. Өткен жылы біз алимент бойынша 2,5 мыңнан астам борышкерді жұмысқа орналастырдық», деп қосты Қ.Мусин.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!