Қазақстанда жекеменшік балабақша басшыларына қатысты талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Енді сапасыз қызмет көрсететін немесе балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен педагогтерді жұмысқа қабылдаған басшылар заң алдында жауап беруі мүмкін.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ведомство табыс табуды көздейтін, алайда қызмет сапасына көңіл бөлмейтін ұйымдардың жұмысын шектеуге ниетті.
“Жекеменшік балабақшаларда тәрбиешілердің біліктілігіне мән бермейтін жағдайлар бар. Мұндай мәселелердің алдын алу үшін басшылардың жауапкершілігін заңнама арқылы бекіту ұсынылуда” – деді Ғани Бейсембаев Парламенттің бірлескен отырысынан кейін.
Министрдің сөзінше, барлық қызметкерді қадағалау мүмкін емес. Сондықтан персонал таңдауда салғырттық танытқан жекеменшік ұйым жетекшілерін жауапкершілікке тарту – маңызды қадам. Қазіргі таңда заңнамалық өзгерістер бойынша ұсыныстар әзірленіп жатыр. Тиісті түзетулер Парламент қарауына ұсынылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!