Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев заңсыз митингілерді өткізуге қатысты қазақстандықтарға үндеу жасады.
Әлеуметтік желілерде сот тыйым салған ұйымның 2022 жылғы 20 қарашада заңсыз митингілерді өткізуге, қатысуға және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер жасауға шақырулары таратылуда. Ұлттық және халықаралық құқыққа сәйкес, терроризмді немесе зорлық-зомбылық экстремизмді насихаттайтын осындай ұйымдардың кез келген қызметіне тыйым салынғанын атап өтемін.
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңмен (5-баптың 6-тармағы, 14-баптың 1-тармағының 2-тармақшасы, бұдан әрі – Заң) олардың осындай акцияларды ұйымдастыруына жол бермеу бекітілген. Егер акциялар мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, басқа да қылмыстық әрекеттер жасауға бағытталған болса, оларды жүргізуге де жол берілмейді (Заңның 14-бабының 1-тармағының 1-тармақшасы). Бұл бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі қағидаттарының бірі – олардың зорлық-зомбылықсыз сипаты мен заңдылығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті, денсаулықты сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге байланысты (Заңның 3-бабы). Аталған заңсыз әрекеттерді жасаумен ұштасқан тыйым салынған ұйымдардың шақырулары, ұйымдастыруы және олармен ұйымдастырылған акцияларға қатысқаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК-нің 488-бабы) және қылмыстық жауаптылық (ҚК-нің 179-бабы (билікті күштеп басып алуға шақыру), 405-бабы (сот тыйым салған ұйымдардың қызметіне қатысу)) көзделген. Құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын адамдарға заңда көзделген шараларды қабылдайды және кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кеседі.
Атап айтқанда, ағымдағы жылғы 17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратура органдарының ықпалдастығымен жеті адамнан тұратын қылмыстық топ қызметінің жолын кесті.
Олардың билікті күштеп басып алу мақсатында қару-жарақ пен тұтандырғыш қоспаларды пайдалана отырып, жаппай тәртіпсіздіктер мен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ғимараттарына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне шабуылдар жасауды, олардың қызметкерлерін өлтіруді жоспарлауға, сондай-ақ дайындауға қатыстылығы туралы құжаттық дәлелдер алынды.
Сондай-ақ ұсталған адамдардың тұрғылықты жері бойынша заттай дәлелдемелер де алынды. Қылмыстық кодекстің 179-бабының 2-бөлігі (адамдар тобының билікті күштеп басып алуына жария түрде шақыру) және 272-бабының 1-бөлігі (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды сот тыйым салған ұйымдар мен олардың артында тұрған адамдардың арандатуына ермеуді, олардың заңсыз әрекеттеріне қатысудан бас тартуды және заңды мүлтіксіз сақтауды алдын ала ескертеді.Еске салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті кеше 20 қарашада жаппай тәртіпсіздіктерді жоспарлап, ұйымдастырмақшы болған қылмыстық топтың жолын кескен еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!