Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет адамның жоғары моральдық, құқықтық, саяси және басқа мәдениеттер негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін білдіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қазіргі уақытта шынайы қажетті құбылыс мәртебесін иеленеді, оны әлеуметтендіру процесінде қоғамның барлық әрекетке қабілетті мүшелері игеруі тиіс. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім – тұлғаның адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылатын, тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесі».
Сондай-ақ, жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің толық қалыптасуы үшін бірқатар шарттар керек екендігі сөзсіз. Ол үшін, ең алдымен тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мынаны көздейді:
– сыбайлас жемқорлықтың мәні, оның мазмұны, мақсаттары, субъектілері, нысандары мен түрлері, іске асыру салалары, қоғам өмірінің барлық саласында көріну ерекшеліктері туралы түсінік;
– моральдық-адамгершілік, этикалық мәдениетті тәрбиелеу;
– құқықтық сауаттылық негіздерін қалыптастыру;
– қоғам мүшелерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық уәжін ынталандыру;
– мүдделер қақтығысының барлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру.
Осыған байланысты мыналар қажет:
– сыбайлас жемқорлыққа саналы қатынасты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтарға моральдық «иммунитетті» қалыптастыру және осының негізінде сыбайлас жемқорлықты еңсеру бойынша құзыреттерді дамыту;
– Қазақстан азаматтарының мінез-құлқы моделін қалыптастыру, бұл ретте «сыбайлас жемқорлық» сөзінің өзін қабылдамау, адамгершілік тойтарыс, төзбеушілікті туындатуы тиіс;
– құқықтық құндылықтарды жоққа шығару, заң мен тәртіпті құрметтемеуді білдіретін құқықтық нигилизмді жою (латынша nihil – ештеңе);
– құқықтық жаппай оқу арқылы құқықтық білім мен тәрбиені қамтамасыз ету.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды құруда отбасынан алынатын тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», делінген.
Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірденбір ықпал ететін фактор болып табылады. Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосылар еді.
Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.
Жалпы айта келгенде, егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың этностық ерекшелігі ретінде ұлттық мәдениетті мысалға алсақ, отбасында балаларды еңбекке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу дәстүрі әрқашан да болған. Сондықтан отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен іс- әрекеттің өзегі ретінде адал еңбек басым болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз. Бұл тосқауыл осы мәселені заңдық реттеуге қарағанда мықтылау, тиімдірек.
Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда этникалық ерекшеліктерді негізге алу еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуы мен рухани жаңғыруына, мемлекетіміздің алға қойған стратегиялық бағыттағы жоспарларына қол жеткізуге, мәңгілік ел болып қалыптасуына маңызды жағдайлар туғызатындығы сөзсіз.
Ж.Маханбетова,
Облыстық әділет департаментінің бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!