Үкімет мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында, егіс және орақ жұмыстарын жүргізуге арналған жеңілдетілген несиелеу көлемін арттыру мақсатында, 2025 жылға 700 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сонымен қатар 250 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы рәсімдеуге бағытталды, бұл шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен қолжетімді несие алуға мүмкіндік береді.

Қаржы әрбір шаруашылыққа жетуі үшін қаражат бөлудің алты арнадан тұратын нақты жүйесі қалыптастырылды. Операторлардың қатарында:

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК),

екінші деңгейлі банктер,

микроқаржылық ұйымдар,

өңірлік инвестициялық орталықтар,

несиелік серіктестіктер,

әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК).

Елімізде АӨК тарихында алғаш рет егіс жұмыстарын қаржыландыру науқаны алдын ала – 2024 жылдың желтоқсан айынан басталды. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан 2025 жылғы ерте қаржыландыру бастамасының арқасында мүмкін болды.

Өтінімдерді қабылдау басталғалы бері 7407 өтініш келіп түсті, олардың жалпы сомасы 493,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 6988 өтініш мақұлданып, қаржыландырылды. Бұл 7,3 млн гектар алқапта егіс жұмыстарына дайындық жүргізуге мүмкіндік берді.

Кепілдік қамтамасыз ету базасы жеткіліксіз шаруашылықтар үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік кепілдендіру бағдарламасы жұмыс істейді. Осы тетік аясында мемлекет несие сомасының 85%-на дейінгі міндеттемелерді өз мойнына алады, бұл қаржыландыруды шағын және жаңадан бастаған шаруалар үшін де қолжетімді етеді.

Аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 166,5 млрд теңгені құрайтын 1134 кепілдік берілді, ал жалпы несие көлемі 195,9 млрд теңгені құрады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!