Жетісуда наурызнама онкүндігін мерекелеу кең көлемде аталып өтеді. Өңірде 300-ге жуық іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көктем мезгілі қазақ халқы үшін жаңа жылдың бастауы саналады. Соңғы жылдары республика көлемінде айтулы мерекені дүйім жұрт ерекше атап өтіп жүр. Бұл қатарда Жетісу тұрғындары да бар. Облыс әкімі баспасөз қызметіне сүйенсек, 300-ге тарта іс-шара өткізу көзделген. Ондағы ерекшелік ұлттық ғұрып пен дәстүрді қайта жаңғырту болып отыр.

Қазақ танымында наурыз мерекесі ең ұлы мейрамдардың бірі саналады. Биыл былтырғыдан қарағанда ауқымды іс-шаралар өткізгелі отырмыз. Мәселен, 300 баланың тұсауы кесіліп, жүздеген отбасы қоныс тойын тойлайды. Одан бөлек мыңдаған көшет отырғызылып, қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылады. Үлкен-кішісі бар барлығы қазақы киім киіп, ұлттық күйімізді тыңдап, бір жадырап қалады. Қазірдің өзінде мерекеге деген дайындық қызып жатыр, – деді облыстық халық шығармашылығы орталығының бас маманы Жангелді Немеребаев.

Оның айтуынша, Наурызнама онкүндігіне барлық өңірдегі мекемелер қатысады. Бұл басты мереке Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында мерекеленіп, биылғы жылдың мерейтойлық даталарына арналған тақырыптық көрмелер қойылған 20-дан астам киіз үй тігіледі. Тегін наурыз көже де таратылады.

Қыстың көбесі сөгіліп, күннің мерейі төгіледі. Көріскен жұрт, табысқан ағайын қыстың қытымыр мінезінен жалыққан тұрғындар көшеге шығып, мейрамды қарсы алуға асық отыр. Жетісу жерінде жылда дәстүрлі түрде кең көлемде аталып өтеді. Биыл да ерекше өтетініне сенімдімін. Балаларымыз қазақы шапанын киіп, қазақы ою-өрнекке толы тақиясын киіп, көшеге шығуға дайын отыр, – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Ерәділ Жансықбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!