Фото: qaj.kz
KAZINFORM – Жол саласындағы негізгі жобалар биыл толық аяқталады. Бұл туралы Көлік министрлігінен мәлім етті.
«Биыл 3,1 мың шақырым жол жаңғыртумен қамтылмақ. Оның ішінде «Қарағанды – Алматы», «Атырау – Астрахань», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Талдықорған – Өскемен» сынды өтпелі жобалар бар. 2023 жылы барлық күш жолдың жаңа қабатымен қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталды. Осы жылы негізгі жобалар бойынша жұмыстарды толық аяқтау көзделген. Алайда, кейбір жобаның құрылыс мерзімінің ұзаққа созылуы әртүрлі факторларға, оның ішінде автомобиль жолдары құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты болғанын атап өткен жөн», – делінген министрліктің агенттік сауалына берген жауабында.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта ұзындығы 946 шақырым болатын «Қарағанды-Балқаш-Алматы» жолының «Қарағанды-Балқаш» (363 шақырым), «Балқаш-Бурылбайтал» (288), «Бурылбайтал-Күрті» (228) учаскесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың 868 шақырымы жабынның төменгі қабатымен қамтамасыз етілген. Биыл жұмыстарды аяқтау жоспарланған.
Ал «Атырау-Астрахань» жолының 60 шақырымы пайдалануға берілді. Қалған 217 шақырымы Еуропалық қайта құру және даму банкі қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2023 жылы 192 шақырым жол жаңа асфальтбетон жабынымен қамтамасыз етілді. Бұл жобаны да осы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысынан инертті материалдарды дайындау жалғасуда. Инертті материалдар теміржол көлігімен жеткізіледі.
«Ақтөбе-Қандыағаш» жолының 96 шақырымы жаңғыртылады. 64 шақырымда бір бағытта қозғалысқа жол ашылған.
«Талдықорған-Өскемен» жолының жаңғыртумен қамтылған бөлігі 768 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні 748 шақырымында қозғалыс ашық. Құрылысты толық аяқтау 2024 жылдың соңына көзделіп отыр.
«Бұл жобаларды іске асырудағы қиындықтар мен кідірістер әртүрлі факторға, оның ішінде материалдар, жанар-жағар май және жоба құнының өсуіне байланысты болды. Сондай-ақ, кідірістер жосықсыз мердігерлік ұйымдар тарапынан жұмыстардың уақытылы орындалмауына да байланысты. Белгіленген мерзімдерді сақтамау және құрылыс процестерін жүзеге асырудағы тиімділіктің жеткіліксіздігі жұмыс кестелеріндегі үзілістерге әкелді. Мұнан бөлек, мәселеге айтарлықтай әсер ететін өзге факторға мердігерлік ұйымдармен келісімшарттарды бұзу кіреді. Бұл жаңа тендерлерді өткізу, құжаттаманы қайта қарау және құрылыс іс-шараларын қайта жоспарлау, карьерлерді қайта ресімдеу қажеттілігіне алып келді. Осындай өзгерістердің нәтижесінде құрылыстың жалпы барысына әсер еткен аяқталу мерзімдерін қосымша ұзарту пайда болды», – деді министрліктен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!