Зерттеулердің басым бағыттарын және жол саласындағы негізгі сын-қатерлерді айқындау, сондай-ақ отандық ғалымдардың жаңашылдық әзірлемелерін көрсету және коммерцияландыру үшін платформа құру мақсатында Алматыда «Жол құрылысы: ғылым және бизнес» атты форум өтті, – деп хабарлады Қазақпарат.

Форум аясында отандық ғалымдар өздерінің коммерцияландыруға дайын технологиялары мен материалдарын әлеуетті инвесторлар мен салалық органдарға ұсыну, сондай-ақ әзірлемелерін одан әрі коммерцияландыру үшін байланыс орнату және инвестицияларды тарту мүмкіндігіне ие болды. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыруға ерекше назар аударған болатын. Бұл үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнестің өзара іс-қимылының тиімді механизмін құру қажеттігін атап өтті. Форум аясында осы механизмді іске асыру және құру үшін тың идеялардың айтылатынына сенімдіміз», – деді ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев. 

Форумды «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қолдауымен ұйымдастырып, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университеті қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!