Алматыда жолаушылар көп жиналатын жол қиылыстарына камера орнатылады. Бұл туралы kolesa.kz жазды.
Рұқсат етілмеген жерден көлігіне адам отырғызып, жол ережесін бұзатын жүргізушілермен күресу үшін Алматы полициясы көше қиылысына «Сергек» орнатады. Әсіресе, кешкі уақытта көп жолаушы топтасатын Төле би — Момышұлы, Райымбек — Момышұлы және Райымбек — Әшімов қиылыстарына камера қойылады.
Кешкі қарбалас уақытта үйіне қайтқысы келген жолаушылар жол жиегінде топ-тобымен тұрады. Такси жүргізушілері де ережені елемей, екі қатар болып тоқтайды. Соның салдарынан жол бөлігі тарылып, кептеліс туындайды.
Жол ережесінің 22.5-тармағына сәйкес, жүргізуші жолаушыны рұқсат етілген жерден ғана отырғызуы тиіс. Егер тыйым салатын жол белгілері болмаса, жүріс бөлігінің шетіне тоқтауы қажет.
Ережені бұзғандарға Әкімшілік кодекстің 593-бабына сай 5 АЕК айыппұл салынады, егер бір жыл ішінде қайталанса айыппұл мөлшері 10 АЕК болады. Сондай-ақ жүргізуші тоқтау ережесін бұзғаны үшін де 5 АЕК айыппұл төлейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!