Фото: egemen.kz

Астанада полицейлер сериялық алаяқтық жасады деген күдікпен Павлодар қаласының тұрғынын ұстады. Әйел жоқ жиһазды сатумен айналысқан, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, Павлодарлық тұрғын сатып алушыларға алдын-ала төлем жасауды сұраған.

«Павлодар қаласының тұрғыны жоқ жиһаз сатумен айналысатын «бизнес» ұйымдастырды. 30 жастағы қыз сайтта арзан тұрмыстық заттарды сату туралы хабарландырулар орналастырып, сатып алушыларға мобильді банкинг арқылы  30 мың теңгеге дейін алдын-ала төлемді аударуды ұсынған. Бүгінгі күні полицияға 10-ға жуық алданған азамат жүгініп, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.

Полицейлер азаматтарға қырағы болуды, сақтық танытуды және жеке банктік деректерін, сондай-ақ SMS хабарламаларының құпия сақтауды ескертеді.

«Күмәнді сатушылардан тауарлар мен қызметтерді сатып алмаңыз, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз, сіздің жеке жинақтарыңыз бен жеке деректеріңіздің қауіпсіздігі сіздің қолыңызда екенін есте сақтаңыз», – деп атап өтті полиция.

Интернеттегі алаяқтық фактілерінің көбеюіне байланысты елордада «Алаяқтықты тоқтату» операциясы жүргізілуде. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қалада жыл басынан бері 4 мыңға жуық интернет алаяқтық фактісі тіркелген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!