Бүгін, 15 мамырда, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтің туған күніне орай «Жұмысшы кадрларды даярлаудағы өзекті мәселелер» атты облыстық форум өтті.

Іс-шара тарихи тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, форумға қатысушылар Исатай Әбдікәрімовтің ел дамуына қосқан зор үлесін ықыласпен еске алды. Колледж студенті Құдайберген Тұрсынбайдың «Жақсының аты өлмейді» атты арнауы шараның мазмұнын тереңдете түсті.

Форум аясында қатысушылар колледжде әзірленген «Жұмысшы және орта буын» мамандықтары көрмесімен танысып, «Жас маман» жобасы негізінде жабдықталған оқу-өндірістік зертханаларды аралады. Бұл болашақ мамандарды даярлаудағы заманауи көзқарастың көрінісі болды.

Пленарлық мәжіліс барысында колледж директоры А.Т. Жүнісов Мемлекет басшысының еңбекке бағытталған бастамаларына тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақтағы жұмысшы мамандықтарды дамыту бағдарламаларын таныстырды.

Форумда сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер мен мамандар сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхамед Сыздық дуальды оқытудағы жұмыс берушілердің рөлі туралы баяндама жасады. Колледж түлегі Мағжан Омарұлы мен оқытушы Асхат Құлманов, студент Назаров Әділет өндірістік оқытудағы нақты тәжірибелерін ортаға салды.

Маңызды іс-шара аясында колледждер мен кәсіпорындар арасында ынтымақтастықты күшейту мақсатында меморандумдарға қол қойылды. Қатысушылар болашақта да білім беру мен өндіріс арасындағы әріптестік жалғасын табатынына сенім білдірді.

Бұл форум – жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, кәсіби кадрларды сапалы даярлауға және еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған маңызды қадам.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!