Фото: primeminister.kz
Риддер қаласындағы жылу электр орталығын (ЖЭО) жөндеуге Үкімет резервінен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Тиісті қаулыға Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Аталған қаражат Шығыс Қазақстан облысының бюджетіне ағымдағы нысаналы трансферт түрінде аударылады. Қаржы ЖЭО-ның 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына толыққанды және сапалы дайындалуына бағытталмақ.
Үкіметтің хабарлауынша, соңғы екі жыл ішінде Риддер ЖЭО-ға түрлі көздерден жалпы сомасы 15,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа қазандықтар мен турбиналар жөнделіп, стансаның тозу деңгейі 75%-дан 46%-ға дейін төмендетілген. Сонымен қатар 21,3 шақырым жылу желісі жаңартылып, олардың тозуы 82%-дан 67%-ға дейін азайған.
Дегенмен, 2023–2024 жылдардағы жөндеу жұмыстарына енбеген бірқатар маңызды тораптар мен механизмдер әлі де қалпына келтіруді қажет етеді. Атап айтқанда, қазандық агрегаттары, турбоагрегаттар, және электрмен тұрақты қамтамасыз етуге жауапты тарату құрылғылары жөнделетін болады.
«Бөлінген қаржы Риддер ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етеді. Жөндеу жұмыстарының уақтылы әрі сапалы жүргізілуі – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызды», — делінген хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!