Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына орай республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы мен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Жанқожаның жеңімпаздық жолын жыр жолымен өрнектеу, елі мен жерін қорғауда ерен ерлік үлгісін көрсеткен батыр баба есімін насихаттау, жас ұрпақты отансүйгіштікке елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында «Елдіктің туын желбіреткен қаһарман» атты жыр мүшәйрасы өтті.

Жыр додасы алдында жанқожатанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Нұрмахановтың «Тарихи өлең-жырлар мен дастандардағы Жанқожа батыр тұлғасы» атты монографиясының таныстырылымы болды.

Жанқожа – қазақтың тәуелсіздігі жолында күрескен батыры, ХІХ ғасырдың қаһарманы, Хиуа мен Қоқан хандықтарына, отаршыл Ресей империясына қарсы шыққан ұлттық-азаттық көтерілістің басшысы, 17 жасында батыр атанып, сексеннен асқанша қолынан қаруы түспей, ел тәуелсіздігі жолында күресіп өткен халық қаһарманы. Халқының бостандығы жолында бес қаруын асынып, қол бастап, жауымен текетіресіп, елінің тентіреп кетуінен сақтады. Жанқожа батыр сол ұрыстардың барлығына да қолбасшы әрі ұйымдастырушы ретінде қатысып, теңдессіз ерлік, көзсіз батырлық көрсеткен. Сонысымен, жанына ерген жауынгерлеріне үлгі болды, халқына қайрат, елім деген ерге ерік-жігер берген.

Елдік дәстүрді, отаншылдық қасиетті, тарихи тұлғаларды насихаттауды, Жанқожаның болмысын, батырлығын жастарға үлгі етуді, есімін ұлықтауды мақсат тұтқан облыстық жыр мүшәйрасына бірінші кезеңнен іріктеліп келген 9 ақын батыр рухына арналған өлеңдерін оқыды. Жыр додасына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша өкілі Қаршыға Есімсейітова, ақын, бірнеше тарихи дастандар мен толғаулардың авторы Оңталап Базаралы және филология ғылымдарының кандидаты, жанқожатанушы ғалым Нұрлан Нұрмаханов қазылық етті. Тақырыптың терең ашылуын, өлеңнің ұйқасы және көркемдігіне және көрерменге жеткізе білуін назарға ұстаған қазылар алқасы жеңімпазарды анықтады. Бұл мүшәйраның ерекшелігі, додаға түскен ақындар жүлдесіз қайтқан жоқ. Жүлделі орындармен қатар Жанқожа батырдың үзеңкілес серіктері Мұсабай жырау, Төремұрат жырау, Бекмырза хан, Қызылбас палуан, Ақтан батыр, Дабыл батыр атындағы арнайы жүлделер батыр ұрпақтары атынан тағайындалды.

Жыр мүшәйрасын елімізге белгілі жыршылар Марат Сүгірбаев пен Бексұлтан Орынбасаров отты жырмен, әуезді әнмен әрледі.

Көрермендер «Баба ерлігі – ұрпаққа өнеге» атты кітап көрмесін тамашалады.

Жыр додасында ІІІ орынға Нұркелді Өтепберген, ІІ орынға Бексұлтан Санақұл, жүлделі І орынға Айдар Сайлауов иеленді.

1.JPG
Жыр арқауы – Жанқожа батыр
5.jpg
4.jpg
Жыр арқауы – Жанқожа батыр

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!