Апта басында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың төрағалығымен аймақта ерекше қауіпті шегіртке зиянкестері мен карантиндік нысандарға қарсы фитосанитариялық іс-шараларды ұйымдастыру және арнайы техникалардың дайындығын пысықтауға арналған штаб отырысы өтті.
Жиынға Қызылорда қаласы және аудан әкімдерінің ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасарлары қатысты. Семинар барысында биылғы маусымда атқарылатын химиялық өңдеу жұмыстарына жұмылдырылатын техникалар таныстырылып, мамандардың баяндамалары тыңдалды. Облыстағы аумақтық инспекция басшысы Мұхтар Оразбаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, сондай-ақ республикалық фитосанитариялық диагностика орталығы және «Фитосанитария» мекемесінің облыстық өкілдері алдағы жоспарлармен бөлісті.

− Фитосанитариялық қауіпсіздік − бұл аграрлық сектордың тұрақты дамуына кепілдік беретін маңызды бағыттың бірі. Биыл жатаған у кекіреге қарсы 97,5 гектар, қауын шыбынына қарсы 1750 гектар, калифорниялық қалқанша сымырына қарсы 34,5 гектар, арамсояуға қарсы 427,87 гектар жерге өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, − деді Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы М. Оразбаев.
Мұнан бөлек инспекция басшысы сауда базарларына жүргізілген бақылаудың нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, облыс аумағындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған жұмыс барысында биыл 46 айыппұл салынып, 3 774 720 теңге өндірілген.
Жуырда ауқымды өңдеу жұмыстары басталмақ. Мәселен, осы жылы ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы 60 024 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде италиялық прусқа 24 702 гектар, ал азиялық шегірткеге 35 322 гектар жер бөлінбек. Ал бұл бағытта «Авиакомпания Дельта-Юг» ЖШС, «Бағжан» ЖК мен «Фитосанитария» РМК секілді мердігер мекемелер жұмыс атқарады. 4 арнайы жер агрегаты, 2 аса жеңіл ұшақ, 1 ұшақ пен 3 дрон тартылмақ. Сонымен қатар, Түркістан, Ақтөбе және Ұлытау облыстарымен ынтымақтастық келісімдер жасалған.

Алдағы уақытта үйлестіру жұмыстары күшейтіледі. Атап айтсақ, «2025 жылы Қызылорда облысында шегіртке зиянкестерімен күрес шараларының іс-жоспары » жасалған. Жол картаға сәйкес, маусымдық кезеңде 4 жұмысшы топ жұмылдырылады. Ал өңдеу жұмыстары жүргізілетін әр ауылдық округ бойынша қажетті техника, зерттеуші мен жауапты мамандар бекітілген. Жұмыс күшіне келетін болсақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен маусымдық жұмысқа ауылдық округтерден 130 адам, шаруа қожалықтарынан 100 маман тартылады. Ал жалпы күресу шараларына 324 адам қарастырылған.
Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов штаб отырысын қорытындылай келе, барлық мердігер мекеме мен жауапты құрылымға химиялық өңдеуді сапалы әрі уақытылы жүргізу жөнінде нақты тапсырма берді.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!