Фото: liter.kz

Бүгінде еліміздегі жастардың басты мәселесінің бірі – баспана. Жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламаларына қарамастан қазіргі талдаулар бойынша елімізде баспанамен қамтамасыз ету әлі де жеткіліксіз деңгейде.

БҰҰ-ның әлеуметтік стандарты бір адамға 30 шаршы метрге жетсе, ал бұл көрсеткіш елімізде 23,6 шаршы метрден келеді екен. Өңірімізде де баспанаға өтініш берушілер саны жыл санап артып келеді. Енді оған жастар санатындағы азаматтардың жас шегі 14-29 жастан 14-35 жасқа өскеннен кейін бүгінгі буынды баспанамен қамту мәселесі бұрынғыдан да күрделене түсті.

Облысымызда бұл мәселелерді оңынан шешуге бағытталған бастамалар жоқ емес. Солардың бірі – «Сыр жастары» бағдарламасы. Жастарға жеңілдетілген ипотекалық несие беретін 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алатын бағдарлама аясында баспаналы болудан үміткерлер былтыр күзде құжаттарын тапсыра бастап еді. Несиелеу мерзімі мен пайыздық мөлшерлемесі, бастапқы жарнасы кейінгі буын өкілдері үшін барынша қолайлы «Сыр жастары» бойынша алғашқы пәтерлер беріле бастады.

Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен осы бағдарлама аясында Қызылорда қаласының сол жағалауынан салынған 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін салтанатты табыстау рәсімі өтті.

«Сыр жастары» – аймақ жастарын баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. Оны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» АҚ 500 млн теңге қаржы бөлді. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан аса тұрғын қоныс той тойлады. Биыл да бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліпті. Оның ішінде 350-дей пәтер аудандарға тиесілі. Жыл басынан бері 402 отбасы баспана бақытына кенелді. Бұл – әлеуметтің әл-ауқатын арттырудағы мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі.

Дегенмен баспана мәселесі барлық уақытта өзекті болып қала бермек. Тіпті, осы мәселе жас жұбайлардың ажырасуын да көбейтіп, бойдақтардың үйленуін кейінге шегеріп отыр. Тапқанының жартысын пәтер жалдауға төлеп жүрген жастар үшін баспаналы болу орындалмас арман деп те айтсақ болады. Жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар мен жобалардың қолжетімділігі мен нәтижелері, тиімділігі мәселесі бүгін де өзекті болып отыр. Мәселе Парламентте де жиі көтеріліп, республика бойынша түрлі талқылаулар өтуде.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінше, биыл 32 097 азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ал былтыр 22 567 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті. Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Республика бойынша «Алматы жастары» бағдарламасына ұқсас 16 аймақтық жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өңірлік бағдарламалар жергілікті бюджеттен қаржыландыру есебінен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жылдық 5% жеңілдікпен 19 жылға дейінгі мерзімге несие беруге бағытталған.

Сондай-ақ, «Отбасы банк» дерегінше, банк 17 өңірде жалпы сомасы 123,1 млрд теңгеге 30 өңірлік бағдарламаны табысты іске асыруда. Оның ішінде 15 өңірде жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 18 жастар бағдарламасы, 9 өңірде жалпы сомасы 23,1 млрд теңгеге 12 өңірлік бағдарлама бар.

Бірақ жастарды баспанамен қамту мәселесі бәрібір толық шешімін таппай отыр. Айталық ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің ақпаратынша, жастар жеке санат ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелмесе де, өңірлердің болжамды мәліметтеріне сәйкес елімізде шамамен 277 мыңға жуық баспанаға мұқтаж жас бар екен.

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші, еліміздің ертеңі» дейміз. Оларға жан-жақты қолдау көрсету мемлекет міндеттерінің басым бағыттарының бірі. Сол жастар елдегі оқиғалардың бел ортасында жүр. Елімізде болып жатқан төтенше жағдайларда төбе көрсететін де, қолдаушылар да жастар. Ал бізде оларға тиісті деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма? Бұл ретте ең басты қажеттілік – баспана мәселесінің шешімін таппауы, әлі күнге дейін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі дұрыс жолға қойылмауы қоғамды бірінші кезекте ойландыруы тиіс мәселе…

Ақмаржан АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!