Жуырда «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ұстаз − ұлт келбеті» атты IV қорытынды гала-концерт өтті.

Іс-шараға Қызылорда қалалық 7-шақырылымның депутаты, кәсіпкер Дінмұхамед Абизов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары» бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы, қоғамдық қордың демеушілері, жергілікті кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері мен білім саласының белсенділері қатысты.

Бүгінде қоғамдық қор өңірлік педагогикалық бағыттағы білім алушыларға қарқынды қолдау көрсетіп келеді. Аталған білім ордасында 110 студент қосымша білімін жетілдіруде. Олардың кәсіби, тұлғалық, әлеуметтік және тілдік бағытта дамуына, болашақта білікті маман болуына жағдай жасайды.

Іс-шараның ең басты сәті – «Жыл студенті-2024» байқауының жеңімпаздарын марапаттау болды. Бұл атаққа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Шамиль Анарбай ие болып, оған MacBook пен ауыспалыстатуэтка табысталды. Екінші орын иегері Айдана Тамабай Apple iPad иеленсе, үшінші орынға жайғасқан Қабыл Дүйсекке Apple Watch табысталды.

Сонымен қатар Instagram желісі арқылы ең көп лүпіл жинаған студент Айша Әубәкір «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болып, 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Үздік ондыққа кірген 7 студентке арнайы сыйлықтар мен KitapAl дүкенінен сертификаттар табысталды. Мұнан бөлек Aipatcha контент студиясының директоры Ғани Болатұлының атынан 30 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Белсенді студенттер де арнайы марапаттарға ие болды.

Айта кетейік, жақында атап өтілген Қала күні аясындағы Сыр бойының студенттеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, әсіресе болашақ ұстаздардың дамуына айрықша үлес қосқаны үшін қор директоры Нұрбек Серікбаев аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының алғыс хатымен марапатталды.

Аймақта білімге айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Оқу орындарының инфрақұрылымы жаңарып, жаңа мектептер мен заманауи орталықтар бой көтеруде. Мұғалімдерге кәсіби тұрғыда дамуға барлық жағдай жасалып, оқушылардың сапалы білім алуы үшін түрлі жо- балар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта «Білім Ыбырай» қоры да белсенді түрде жұмыс істеуде. Себебі білім түбі де, шегі де жоқ теңіз.

Нұрасыл ҚАЛМАХАН,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!