Қазан айының алғашқы аптасы еліміз үшін тарихи сәтке айналмақ. Себебі әлемнің 33 мемлекетінен келетін үздік студенттер, жас кәсіпкерлер мен бизнес көшбасшылар Қазақстанда бас қосып, студенттік кәсіпкерліктің ауқымды іс-шарасы Enactus World Cup-та бақ сынайды. Ең қызығы, бұл байқау біздің елде алғаш рет ұйымдастырылады.

Enactus әлемдік кубогы − тек байқау емес, ол жаһандық қозғалыс. 2001 жылдан бері үздіксіз өтетін бұл іс-шара әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жаңашыл жобаларды ортаға салып, болашақ көшбасшылар буынын тәрбиелейді. Олар ел болашағына ықпал ететін бастамаларын әлемдік аренада қорғау мүмкіндігіне ие болады.

Осы ретте ел есімін асқақтатып, қазақ елінің намысын қорғау Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Enactus командасына бұйырды. Өйткені олар биыл көктемде өткен Enactus Kazakhstan National Expo 2024 ұлттық чемпионатында жеңімпаз атанды.

Алға көз жүгіртсек, World Cup-тың басталуына санаулы күндер қалды. Ал біздің чемпиондардың дайындығы қалай өтіп жатыр? Сауалымызға жауап алу үшін Enactus Zhetysu-мен байланыс орнатып азды-көп әңгіме өрбіттік.

− Асқар, алғашқы сауалым сізге арналады. Команда жайлы айтып берсеңіз. Өзара байланысты жақсарту, жұмыс атмосферасын қалыптастыру үшін не істейсіздер?

Асқар Рахым: − Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Enactus командасы 2014 жылы құрылған. Ал қазіргі жаңа құрам 2022 жылы жасақталып, сол кезде небәрі 6 адаммен Алматыда өткен форумға қатыстық. Міне, сол сәтте кәсіпкерліктің шынайы мәнін түсіндік. Форумнан үлкен амбициямен оралдық.

Жетістіктерге тоқталсам, биыл көктемге дейін ашық іріктеу өткізіп, сәуір айында алғашқы чемпионатымызға қатыстық. «Olzha Agro» компаниясы ұйымдастырған грант конкурсының финалисі атандық, «Early Stage» лигасында бақ сынадық. Осы сайыстарда жинаған тәжірибемізді қолданып бір жыл бойы түрлі грант конкурстарында, жарыстарда жүлделі орынға ие болдық. Бұл биыл чемпион атануымызға себеп болды деп ойлаймын.

Қазір командада 21 адам бар. Капитаннан бастап, HR, PR және жоба бөлімдеріне дейін өз қызметтерін орындап, команданың дамуына серпін беруде. Бұл тек бастамасы екеніне сенеміз!

Команда ішіндегі бөлімдердің қарым-қатынасы біздің жұмысымыздың негізі деуге болады. Әр бөлімнің өз міндеттері бар. Мысалы, қаржы бөлімі бюджеттің дұрыс бөлінуін қамтамасыз етеді. HR бөлімі кадрлық сұрақтармен және команда ішіндегі атмосферамен жұмыс жасаса, ал PR бөлімі біздің жобаларымызды таныстыру мен жарнамалауды жүргізеді.

Сондай-ақ өзара қарым-қатынасты жақсарту үшін біз «brainstorming» сессияларын жиі өткіземіз. Осындай талқылау кезінде әрбір қатысушының пікірін ортаға салып, бірге шешім табуға тырысамыз. Бұл байланысымызды нығайтып қана қоймай, жұмыс барысын да жақсартады. Сонымен қатар мерекелік жиындар, ортақ іс-шаралар арқылы достық қарым-қатынас қалыптастырамыз.

− Команда құрамын жасақтау барысында қандай критерийлерге сүйенесіздер?

Нұрсәуле Кеңесбай: – Команда құрамын жасақтау барысында біз алдымен адамның лидерлік қасиетіне, шешім қабылдау қабілеті мен жауапкершілігіне мән береміз. Сонымен қатар стрестік жағдайларға төзімділік те маңызды. Командамен бірлесіп жұмыс істей алуы, идеяларын ашық айтуы, басқалармен тиімді байланыс орнатуы – ең басты талаптар. Әр қатысушының рөлін анықтаған кезде олардың жеке қабілеттерін ескеріп, жобаның қажеттілігіне сай жұмыс бөлінеді.

− Айтыңызшы, жобаны іске асыру қалай жүреді?

Асқар Рахым: – Кез келген жоба немесе идеяны іске асырудың алғашқы қадамы, әрине, ойлану. Жоғарыда айтқандай жиі бас қосып, brainstorm өткіземіз. Бұл сессияларда әлеуметтік мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырамыз. Жобаларымыздың негізі – аналитика мен статистикалық мәліметтерге сүйену. Осы ақпараттар бізге қоғам алдындағы өзекті проблемаларды анықтауға және соларға сәйкес шешім ұсынуға мүмкіндік береді. Осындай әдіс Enactus Zhetysu командасының әрбір жобасын идеядан іс жүзіне көшіруге ықпал етеді.

Ең қиын жобамыздың бірі – «Gallus». Бұл бастама тікелей тірі организмдерге, яғни құстарға қатысты. Сол үшін өте күрделі әрі жауапты жұмыс болды. Құстарды дұрыс күтіммен қамтамасыз ету, будандастыру және олардың денсаулығына әсер ететін жағдайларды бақылау уақыт пен күш-жігерді қажет ететін үлкен жұмыс. Бұл жобаның уақытша тоқтап қалуы тірі организмдерге қатты әсер етеді. Сондықтан біз үнемі қырағылық танытып, барлық процесті мұқият бақылауға тырысамыз.

− Enactus бағдарламасының тәжірибеге негізделген платформасын әлемдегі 1000-нан астам университет пайдаланады. Ал Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің тарапынан сіздерге қандай көмек қарастырылған?

Рана Қабылай: – Басшылықпен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Шынында, Жетісу университеті біздің басты демеушіміз ретінде барлық бастамамызды қолдап келеді. Әрбір жобаға қажетті ресурстарды ұсыну, кеңес беру және қаржылық көмек көрсету жағынан үлкен қолдау көрсетеді. Команда ретінде білім ордасына алғысымыз шексіз.

ЖОО-дан бөлек біз өткен жылғы чемпион Enactus Buketov командасымен тығыз байланыстамыз. Әсіресе әлем кубогына дайындық барысында олар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, кеңестерін айтады.

− Биыл Ұлттық кубокта чемпион атандыңыздар. Байқауда жеңімпаз атануға толық сенімді болдыңыздар ма?

Анель Түстүкбай: – Чемпионатқа дейінгі дайындық біз үшін өте күрделі сәт болды. Бұл біздің Ұлттық кубокқа екінші мәрте қатысуымыз еді. Сондықтан бізде тәжірибе де, амбиция да арта түсті. Enactus Kazakhstan National Expo 2024-те генетикамен тікелей байланысты жобаны ұсындық.

Идея 2017 жылы туындап, капитанымыз Асқар Рахым 2021 жылға дейін бұл жобаны зерттеп, егжей-тегжейлі қарастыра бастады. 2022 жылы Жетісу университетіне түскен соң, ол Enactus командасын құрып, жобаны одан әрі жетілдірді. Ал негізгі қиындықтардың бірі – будандастыру жұмыстарының күрделілігі болды.

Жеңіске деген сеніміміз өткен жылғы Ұлттық кубок кезінде ерекше күшейді. Әуелде өзімізді басқа командалармен салыстырып, бәсекеге дайын еместей көріндік. Себебі басқа командалардың бірнеше жылдық тәжірибесі бар еді. Бірақ квалификациялық іріктеуден өтіп, Әлем кубогы лигасына ілінген сәтте біз мүмкіндіктерімізді сезіне бастадық. Осыдан кейін жеңіске қол жеткізу үшін бар күшімізді салып, тынымсыз жұмыс істедік.

− Ұлттық чемпионатта қай команданы басты қарсылас деп есептедіңіздер?

Әйгерім Әбу: − Біз әр команданы ерекше және дара бәсекелес ретінде қабылдадық. Әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсті. Сол себепті біз қарсыластарымызды жеңуге тырысудан гөрі, олардан үйренуге және үлгі алуға тырыстық. Бұл біз үшін бәсекелестік емес, даму, жетістікке бірге ұмтылу жолы болды.

− Сұқбат ұйымдастыруға арқау болған әлем кубогы туралы сөз қозғауға да кезек келді. World Cuр-қа дайындық қалай жүріп жатыр?

Кәусар Сағдолла: – Биылғы Әлем чемпионатына дайындықты біз жаз мезгілінде бастадық. Команда мүшелерін Қазақстанның әр аймағынан жинау қиын болды. Өйткені жазғы демалыста болдық. Дегенмен ортақ мақсат үшін әріптестеріміз демалысын құрбан етіп, дайындыққа қатысты. Келе алмағандар онлайн түрде жұмыс істеп, өз үлестерін қосты. Жазда команда Алматыда екі апта, ал Өскеменде бір апта дайындықтан өтті. Қыркүйек айында сабақтардың басталуы да белгілі бір кедергі болды. Әлем чемпионатына дайындық оңай жұмыс емес, бірақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз командалық рухпен осы қиындықтарды еңсеріп, Қазақстанның абыройын қорғауға бар күшімізді саламыз.

Асқар Рахым: – Әлем кубогында «Sweet Rainbow» жобасын қорғаймыз. Бұл жоба – ауыл шаруашылығы мен экология саласына арналған ерекше бастама. Оның басты мақсаты – Қазақстан климатына бейімделген жүгерінің жаңа сұрпын шығару. Ол елдегі жер деградациясы, биоалуантүрлілік және жұмыссыздық мәселелерін шешуге бағытталған. Сонымен қатар құс шаруашылығы саласында да «Казаукана» атты алғашқы отандық тауық қолтұқымын шығарып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосудамыз. Оның ауруға төзімді, өнімділігі жоғары тұқым бастаушы гибридтері бар. «Sweet Rainbow» жобасынының өнімінде де тағамдық құңдылық пен құнарлық өте жоғары.

Нұрсәуле Кеңесбай: – Әлем кубогына дайындық кезінде біздің әр күніміз жоспарлы түрде өтеді. Таңертең ерте тұрып, таңғы астан кейін жұмыстарды талқылап, оларды бөлімдерге бөлеміз. Түске дейін дайындық толық қарқынмен жүреді. Ал түстен кейін демалуға уақыт беріледі. Кешке қарай біз мотивациялық жұмыстарға көңіл бөліп, brainstorming арқылы күнді аяқтаймыз. Бұл бізге алдағы күнге нақты жоспар жасауға мүмкіндік береді.

− Басқа командаларды зерттедіңіздер ме? Қай елдің командасын басты назарға алдыңыздар?

Әйгерім Әбу: – Иә, біз әлем кубогына дайындық барысында қарсылас командаларды мұқият зерттедік. Кейінгі үш жылдағы әлем финалистерін қарап, тиімді талдау жасадық. Египет, Тунис, Марокко және Германия командаларының жұмыстарына назар аудардық.

− Жуырда әлемнің 33 мемлекетінен келген мыңдаған делегация Астана төрінде бас қосады. Жарыс алаңының иесі − сіздер. Ал әлем кубогының Қазақстанда өтетіні сіздерге қалай әсер етті?

Рана Қабылай: – Enactus әлем кубогының Қазақстанда өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Елорда төрінде әлемнің үздік командаларын қарсы алу бізге рух беріп, өз жерімізде жеңіске жетуге деген ұмтылысымызды арттыра түсті. Осындай деңгейдегі жарыстың өз елімізде өтуі бізді ерекше жігерлендіреді.

Ал жарыс аяқталғаннан кейін іріктеу өткізіп, команда құрамын жаңарту жоспарда бар. Себебі университетімізде бізге қосылғысы келетін дарынды студенттер өте көп.

− Команданың ішінде өзара түсініспеушілік болған жағдайда, сіз қаншалықты әділ шешім қабылдай аласыз?

Рана Қабылай: − Біз Enactus-ты алдымен жұмыс деп санаймыз. Әрине әр студент жұмыс пен жеке қарым- қатынасты араластырмауға тырысады. Түсініспеушіліктер болған жағдайда өзара шешім шығарып, команданың жұмысына теріс әсер етпеуін қадағалаймыз.

− Сұқбатты «Егер» сұрақтарымен қорытындыласақ. Егер сіздердің жобаларыңызға шексіз қаржы берілсе, қандай өзгеріс жасар едіңіздер?

Әнел Түстүкбай: − Расымен қызық сұрақ екен. Бір жағынан жеңіл әрі ойлануға тұрарлық сауал. Егер шексіз қаржы бөлінсе жобамыздың ауқымы мен жұмыс істейтін команданың мүмкіндіктерін жедел түрде кеңейтуге дайынбыз. Біріншіден, жаңа инновациялық технологияларды енгізуді қолға алып, жастар мен әйелдер үшін жаңа жұмыс орындарын ашқымыз келді. Ең бастысы Қазақстанның әрбір қаласында жобаны дамытатын едік.

− Ал әлемдегі кез келген кәсіпкермен бірге жұмыс істеу мүмкіндігі берілсе, кімді таңдар едіңіздер?

Маржан Мулкибаева: − Егер әлемдегі кез келген кәсіпкермен бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігі берілсе, біз Марғұлан Сейсембайды таңдаймыз. Оның креатив идеялары мен кәсіпкерлік тәжірибесі, сондай-ақ қоғамға пайда әкелуге бағытталған жобалары бізді ынталандырады. Бірлесе жұмыс істей отырып, жаңа тәсілдерді үйреніп, бизнес әлемінде тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болар едік.

− Командалық сұқбатқа рақмет! Алдағы әлем кубогында еліміздің көк туын желбірету бұйырсын!

Әңгімелескен Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!