Біздің түп-тамырымызға жаңаша көз­қа­распен қарауға жол ашып, әлемдік ғы­­лым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қор­ға­ны­нан табылған, өнертанушы ғалымдар ара­сында «қазақстандық Тутанхамон» де­ген атқа ие болған «Алтын адам». Бұл жауынгер талай тылсым құ­пия­ның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін ғажап үлгісімен там­сандыратын аса жоғары деңгейде көр­кем дүниелер жасағанын бір ғана Алтын адам дәлелдеп берді. Жауынгердің ал­тынмен апталған киімдері ежелгі ше­берлердің алтын өңдеу техникасын жақ­сы меңгергенін аңғартады. Сонымен бір­ге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.

Алтын адам V ғасырда өмір сүрген сақ ханзадасы деп жорамалданған. Алтын адам – Алматы облысы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі. 1969-1970 жылдары археолог К.А. Ақышев тапқан. Топырақ қорғандармен ұштасып жатқан қорым солтүстіктен оңтүстікке қарай 3 шаршы шақырым жерді алып жатыр. 40-тан астам обадан тұратын қорымның оңтүстік шетінде биіктігі 6 м, диаметрі 60 м үйінді төбе астынан екі қабір ашылды. Біреуі ертеректе тоналған. Екіншісінен жасы 17-18 шамасындағы сақ жауынгерінің мүрдесі ашылды. Қабір шырша бөренелерден жасалған, көлемі 3,3х1,9 м, биіктігі 1,5 м, сол жақ бөлігіне қойылған.

1963 жылғы сел тасқыны Есік өзенінің арнасын бұзып, оның жағалауында тұрған автобазаны шайып кетті. 1969 жылы автобаза үшін жер бөлінді. Оның бас инженері И.А.Дубкарт құрылысты бастамас бұрын жергілікті археологтардың келісімін алу керек еді. Құрылыс үшін бөлінген аймақта Есік қорғандары орналасқан. Археолог Кемел Ақышев жердің жағдайын барлап қайту үшін жас маман Бекмұхамбетті жібереді. «Өзге төбелерден өзгеленіп тұрған қорғанды қорғауға алу керек» дейді. Осы өзгеше төбеден алтын адамды тауып алады. Кезінде Алтын киімді ханзаданы тонамақ болған қарақшылар топырақ астында қалып, мерт болған. Бұған қорымның беткі қабатында шашылған адам сүйектері дәлел болды. Ғасырлар бойы тоналмай бізге жетуіне сол сүйектер себеп болғанға ұқсайды. Өйткені тонамақ болғандар топырақтың беткі қабатында шашылып қалған сүйектерді көргеннен кейін «бізге дейін бұл жерді қазған» деп ойлаған, – дейді

Алтын адамды кім зерттеді?

Ғалымдар арасында алтын киімді ханзаданың сүйегі 1970 жылдары «жоғалып кетті» деп үміт үзген жағдай болған. 2014 жылы қайта табылған соң, Бекмұханбет Нұрмаханбетовтың бастамасымен Копенгаген университетінің жас маманы Петер Даамбарг алтын киімді ханзаданың қаңқа сүйегінің шынтақ тұсынан кішкентай бөлігін алып кеткен. Бірақ ондағы технология күшімен ДНҚ-ны анықтай алмаған. Онсызда кеуіп, үгітіліп тұрған сүйектің қолдан-қолға өтіп, әбден мүжіліп қалуы себепті ДНҚ-ны анықтау мүмкін болмаған.

2014 жылы РФ Ғылым академиясы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китов мұражайға келген сәтінде: «Сүйектің Алтын адамдыкі екеніне күдігім болғанын жоққа шығармаймын. Көзімді жеткіздіңіздер. Енді сараптама жүргізу керек», – дейді. Ресейлік келесі антрополог мұражайдағы қаңқа сүйек пен қазба жұмыстары кезінде табылған қаңқа сүйекті бір-бірімен салыстырып, «Бұл – алтын адамның сүйегі» деген қорытындыға келген.

РФ Ғылым академиясы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китов (суретте рюкзакпен тұрған кісі. Бұл сурет Ермек Жасыбаевтың жеке мұрағатынан алынды):

– Егер, бас сүйегі табылса, оның тісі арқылы анықтауға болар еді. Бас сүйектің қайда кеткенін ешкім білмейді. Оның ізіне түсетін дәйектеме де жоқ. Қазіргі заманғы технологиямен анықтауға болады. Алтын адамның бас терісін сыпырып алу үшін 100 градуста, ерітінді қосып, қайнатылған жоқ. Топырақтан шықты.

Бас табылса, алтын адамның құпиясы ашылады. Бірақ бас жоқ. Бізге қазір алтын адамның тарихы емес, оның жынысын білу маңызды. Алтын адамның сыры әзірге құпия, аңыз және болжам түрінде ғана болып тұр, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Сүйек бүлінуі мүмкін

Беті тегіс керуеттің бетінде шашылып жатқан алтын киімді ханзаданың сүйегі дегенге көңіліміз сенбесе де, көзімізбен көрдік. Дамыған елдерде сурет өнері туындыларының түпнұсқасын сақтандыруға, тіпті атақты сақтандыру компанияларының дәті бармайды. Себеб, ол – қымбат тұратын дүние.

Ал көз алдымызда шашылып жатқан сүйектердің күн сәулесінен және ыстықтан бүлініп кетпесіне кім жауапты?

Қорғанды ашқан сәттегі көрінісБұл Алтын адамның зираттан қазып алар кездегі көрінісі

Алтын адам әйел ме, еркек пе?

Алтын адамның бас сүйегін қолға ұстаған Оразақ Смағұл мырза: «Төменгі жақ сүйегі өте биік, маңдайындағы қабақ сүйектері жақсы жетілгендіктен оны ер адам деген болжам жасадым. Сондай морфологиялық ерекшеліктерін де ескере отырып, оны шамамен 20 жастағы жауынгер деп анықтама бердім. Ал нақты әйел не еркек екенін білу үшін хромосомалық анализ жасау керек», – дейді.

Алтын адамның әшекейлері

Моланы қазып ашқан кезде археологтар жерленген адамның басына дейін алтынмен апталып жатқанын көрген екен. Сақ жауынгерінің басы батысқа қаратылып жатқызылған. Қабірдің оңтүстік және батыс шеттерінде металл, қыш, ағаштан істелінген ыдыстар, зергерлік бұйымдар қойылған. Қабір ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, еденіне тақтай төселген, ал адам қойылатын жеріне алтын жапсырмалармен безендірілген төсеніш салынған. Сүйектің кеуде тұсында алтын әшекеймен көмкерілген сауыты, басында алтынмен апталған бас киімі, ортаңғы саусағында күн құдайы Митраның бейнесі бар алтын жүзігі болыпты.

Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген, болаттан соғылған қанжар, алтын және күмістен жасалған ыдыстар табылған. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін “хайуанат нақышында” жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген.

Есік обасынан алынған археологиялық мәліметтерге қарап, бұл адамның б.з.б. V-IV ғасырларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті басқарушысының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология т.б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді.

Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі Елтаңбамызға енді.

Қазақ даласынан табылған басқа да алтын адамдар

Қарғалыда табылған әйел сәукелесінің (диадема) сюжетін көз алдымызға келтірейік:

Бірінші: қолына қамшы ұстаған бозбала белгісіз қанатты құбыжық жануардың үстінде төңірегінде мереке басталғанын хабарлап шауып келеді.

Екінші: тақ үстінде тұрған қанатты жылқы. Жыл­қыны болса да піріндей сыйлаудағы оған көрсеткен ерекше құрмет.

Үшінші: жылқы үстіндегі салт жігіт айналасына қолын сермеп хабарлар жеткізуде.

Төртінші: ат үстіндегі той бастар жігіт аузында қамыстан жасалған сыбызғы-сырнайы, қолымен би өрнектерін көрсетіп билеп келеді. Жоғарыда ұшып жүрген құстар жердегі мәз-мейрам болған хайуан­дар кейпіндегі қуаныштарға қарағанда наурыз – мұнда табиғат мерекесінің бір сәті бейнеленген.

Шығыс Қазақстаннан Алтын адамның тоғызыншысы табылды. Академик З.Самашевтің айтуынша, Есік қорғанындағымен салыстырғанда 3 ғасыр бұрын өмір сүрген екен. Қазақ жерінде табылған Алтын адамға тең түсер жәдігер тек оңтүстік Украина жерінен табылыпты. Оның да сауыт-саймандарының 80 пайызы алтыннан құйылған және біздің заманымызға тоналмай жеткен. Ал Шығыс Қазақстанның Үржар ауданынан табылған Үржар ханшайымының тек сәукелесі, одан кейін Шілікті аңғарынан табылған сақ көсемінің сауыт-сайманының тек 40-60 пайызы ғана алтыннан құйылған. Сол себепті қазақ даласынан табылып жатқан жәдігерлердің бәрін Алтын адам деп атай беруге болмайды. Ол үшін арнайы комиссияның шешімі керек, – дейді Ермек Жақсыбаев.

Алтын адам Үйсін ханзадасы ма?

Алтын адам Үйсін ханзадасы деп алғаш жорамалдаған жазушы Тұрсын Жұртбаев болатын.

«Үйсіндер – батыс өңірдегі ең құдіретті мемлекет, олардың 120 мың түтіні, 188,8 мың сауытты әскері болған. Елжау бидің 10 ұлы болған, соның тақ мұрагері етіп белгілеген тұңғыш баласы 22 жасында қайтыс болады. Кейіннен әкесі қайтыс болғанда осы ұлының жанына жерленген. Ал Ақышевтің зерттеулерінде Алтын адамның мүрдесінің жанында тағы бір көсемнің мүрдесі болғаны жайлы айтылады. Жалпы дәстүр бойынша әрбір тұлға дара көмілуі керек. Басындағы қорған да жеке болуы керек. Әуел баста жас ханзаданың қорғаны жеке болған, кейін екінші тұлғаны жерлеуінен кейін біріктіріліп, үлкен қорған тұрғызылған. Қорғанның ауданы 60х60, биіктігі 6 метр, жалпы аумағы 8300 м3», – деген-ді Тұрсын Жұртбаев бізге ертеректе бір әңгімесінде.

Реставратор Владмир Садовский мен Кемал Ақышев Алтын киімді ханзаданың музейдегі қазіргі бізге белгілі үлгісін жасауға үш жылын жұмсапты. Оның костюмін қайта қалыпқа келтіруге Владмир Садовскийдің жұбайы Тамара да атсалысқан. Дайын болған сән үлгісі Алматыдағы орталық сауда үйі сыйға тартқан қуыршақ манекенге лайықталып пішілген. Кейін Владимир Садовскийдің қызының бойына өлшенген.

– 1973 жылы Сақ ханзадасының алтын сауыты Мәскеуде, 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жылы Каирде, 1976 жылы Дамаск қаласында өткен халықаралық көрмеге қойылған. Сол кезде оның иесінің сүйегі Алматыда жертөледе қараусыз жатты, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Рахат ауылы – Алтын киімді ханзаданың қонысы

Ежелгі Есік қаласының сақтар өркениетінің орталығы болған деген пікірді археолог-тарихшы Байпақов талай рет айтқан. Бекмұханбет ақсақал да көзі жұмылғанша Есік даласы – сақтар өркениетінің орталығы болған деген пікірді қолдап өтіпті. Соның дәлеліндей, 2004 жылы сол ауылдан «Өрікті» деген атауға ие болған ежелгі қаланың орны табылды.

– Бекең ақсақал Сақ ханзадасының ата қонысы – Өрікті болған, оның мүрдесі сол Өріктіден жеткізілген деген болжам жасады, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Бекең ақсақал да балаларына өлген соң, денесін сол Өріктіге қойыңдар деп аманаттап кетіпті. Қазір оның денесі Алтын киімді ханзаданың ата қонысында жатыр.

                                                        Гүлжанат АБДУЛЛАЕВА,

                                                        тарих ғылымдарының магистрі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!