«Дос – екі денеде өмір сүретін бір жан» деп Аристотель қалай əдемі тұжырымдаған десеңізші. Иә, достық дегеніміз адамдардың бір-біріне адалдық танытып, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын ерекше қарым-қатынас. Ол – өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық, риясыз пейіл шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сəтсіздікке мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жəрдемдеседі. Достықтың классикалық анықтамасы да осындай.

Балалық шақта кез келген адам баласы секілді жаңа бір нəрсені үйренгіміз келеді, сондықтан бұл процесте адамдармен танысып, достар табу оңайырақ. 30-50 жас аралығында адамға жаңа дос табу өте қиын, өткен тәжірибеден қалған сенімсіздік пен басқалармен қарым-қатынас жасаудан қашу да бар. Бірақ достық қай жаста да біз үшін өте маңызды. Психологиялық жағынан  біреуге қажет екенімізді, жақсыға лайық екенімізді сезінуіміз керек. Сондықтан жалғызбасты адамдар одан əрі өмір сүргісі келмейді, өмірінен мән таппайды.

Достар қандай принцип бойынша таңдалады? Біз көбінесе досты оның ішкі əлеміне қарай таңдаймыз, жалпы екі адамның көзқарасы бірдей, басқа жағынан да екеуі ұқсас болса, қарым-қатынас жасау əлдеқайда жеңіл болады. Кейде сыныптастар немесе əріптестерімізбен дос болатынымыз да сондықтан. Өйткені біз олармен көп сөйлесеміз, бірге уақыт өткіземіз, осылайша  ортақ тақырып пайда болады. Жарты күлшенің өзін бөліп жейтін жаңқияр достар арға сын болатын əрбір істе адалдық танытады. Сөзсіз-ақ көздің нұрымен ұғысып, көңілін аулап, мейірлене қарағанда екі адамның ішкі жан-дүниелері тұтастанып, бір-бірімен біте қайнасады.

Шынайы достық – əрбір іске ынтамен қарауға үйрететін, салиқалы болуға үндейтін нəзік дүние. Үйретіп қана қоймайды, қаласаңыз да, қаламасаңызда, достықтың қасиетті міндеттерін мойныңызға жүктеп, соның лебімен еріксіз тыныс алуға итермелейді. Достық бос ұстаса сусып шығып кететін, қатты қысса қолды тіліп кететін қылыш екенін ұмытпағанымыз жөн. Адамға өлшеп-пішіп қамшының сабындай бес күндік ғұмыр берілген. Сол ғұмырдың ерен байлығы да – шынайы достық.

Дос – қамқоршы, көмекші, жанын сала сыйлайтын ең жақын серік, тірек. «Дос табу оңай, ал достықты сақтау одан да қиын» дейді дана халқымыз. Сондықтан достық қатынасқа нəзіктікпен қарап, берік сақтауымыз керек.

Назерке ЖЕТПІСБАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!