3 мамыр күні Вашингтонда жазушы, зерттеуші, тарихшы Мұхтар Мағауин бейітінің басына құлпытас орнатылып, Америкадағы “Мұхтар Мағауин Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығын” ресми таныстыру шарасы өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Құлпытас орнату рәсімі Вашингтон түбіндегі Парклон Мемориал (Parklawn Memorial) зиратында атқарылды. Ал “Мағауин орталығының” таныстырылымы жазушының Күміс Бұлақ (Silver Spring) кентіндегі мұражай-үйінде өтті.
Жазушының ұлы Едіге Мағауин құлпытастың не себепті қойылғанын айтты.
«Әкеміздің басына тас қойған кезде келген адамдарға әсер беретіндей, әкемізбен сырласқандай сезімде қалсын деген оймен осы құлпытас орнатылды. Неге тау бейнесі таңдалды десеңіз, тау – қазақтың өткен тарихы, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы. Құлпытастың арғы бетінде көне түркі тарихы бар. Таудың бергі жағында біздің бергі тарихымыз бейнеленген, Шыңғыс хан дәуірінен бастап Қазақ Ордасына дейінгі кезең бейнеленген. Бұл – әкем терең зерттеп, шығармаларына арқау еткен тақырыптар. Құлпытастың астына қарасаңыздар, «Аласапырандағы» күймелердің көшін көресіздер. Үстінде жыраулар мұрасы көрініс тапқан: архивтерден табылған, арыстан үстінде отырған жырау бейнесі – әрі батыр, әрі сөз ұстаған тұлғаның символы. Оның қолындағы қылыш – алдаспан. Бұл сөз әкем жыраулар мұрасын зерттегенге дейін ұмыт қалған еді, кейін қайта айналымға енді. Құлпытаста бір жағында қалам, бір жағында алдаспан бейнеленген. Бұл – көркем әдебиет пен ғылыми ізденіс арқылы өткенді бүгінге, бүгінді болашаққа жалғау идеясын білдіреді. Жоғарғы бөлігі Күлтегін ескерткіші үлгісінде жасалып, шаңырақ орнатылды. Әкем Құранның бірнеше аятын қазақша аударған. Соның ішінде Құранның 62-сүресінен алынған аятты «Мен» атты ғұмырбаяндық романының кіріспесіне пайдаланған. Бұл – қазақ халқының мүддесі мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғысынан алынған шешім»,-деп түсіндірді ол.
Еске салайық, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин АҚШ-та 2025 жылдың 10 қаңтарында 85 жасқа қараған шағында қайтыс болған еді.

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!