Газеттің басты мақсаты – ана тіліміздің өркендеуіне үлес қоса отырып, жастардың шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттырып, олардың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген құрметті күшейту. Осылайша «Student» беті – өзінің шығармашылығымен бөлісіп, ойын ашық жазғысы келетін әрбір студентке үлкен мүмкіндік бермек. Бұл жолы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының студенттерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынып отырмыз.

Тәуелсіз Қазақстаным

Іргесі нық, шұғылалы ертеңі,

Желбірейді татулықтың желкені.

Тірлігіне жарастырған бірлігін,

Қазақстан! Бұл – ырыстың мекені.

Сабақ алып өткен күннен сындарлы,

Бағындырып келеді елім шыңдарды.

Тәуелсіздік – бағаң қымбат халқыма,

Ұмытпаймыз нәубет төнген жылдарды.

Сыр шертеді ұлы тарих беттері,

Оған куә «Елім-айдың» жеткені.

Аштық жайлап, сандалғанда қазағым

Мұқалмаған рухы биік, текті еді!

«Қазағым» деп бәйгеге сап бастарын,

Арындаған өр намысты жастарым.

Қорған болып алыптары Алаштың

Нар тәуекел ұлы іске бастадың.

Орындалды арман болған ізгі ісің,

Өздеріңе орнатамын жыр-мүсін.

Темірбек пен Ғани, Ахмет, Мұстафа –

Жас ұрпаққа нұрын шашқан үлгісің.

Тілім, дінім, дәстүр, салтым, жоралғы,

Санамыздан жетпіс жылдай жоғалды.

Оқиғасы желтоқсанның қозғау сап,

Ұлттық болмыс, бар тірегім оралды.

Төрге шықты нақышы бар төл теңгем,

Ұлы далам ұлылықпен өркендер.

Ата жұртқа табан тіреп қандастар

Туған жерге тағзым жасап, көркемдер.

Мирас болған мәдениетім, жыр-әнім,

Рухани нәр алар кәусар бұлағым.

Қазақ тілі – Мәңгілік Ел тірегі

Үш тұғыр тіл адастырмас шырағым.

Тәуелсіздік бабалардан аманат!

Қойнауы – құт, халқы – дана, ғаламат!

Қазақстан қарыштауда рухани

Жаңғыру мен болашаққа бағдар ап.

Таси берсін асқар асу арнасы,

Астанамыз – жетістіктер жалғасы.

Берекелі, бейбіт ғұмыр кешкенім,

Нұрсұлтандай Елбасының арқасы!

Жасай берсін, Қазақстан, елдігің!

Сақтау парыз – байтақ дала кеңдігін.

Арманы асқақ, бейбіт күнге қол созған

Тәуелсіз ел ұланымын мен бүгін!

Талап, білім – қос қанатым самғаймын,

Еңбегімді Отаныма арнаймын!

Отыз елдің қатарына қоспаққа,

Аға ұрпақтың ізгі ісін жалғаймын.

Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ

Әйнектегі көңіл сәулесі

Адам өміріндегі ең бақытты шағы – ата-ананың жанында жүрген кезі. Дүниенің ләззаты – ата-ананың мейір-шапағатында. Ананың ыстық алақанын, әкенің мейірімді көзқарасы мен қамқорлығын қанша бала аңсап, терезеге телміріп тұр… «Қолда бар алтынның қадірі жоқты» көрсететіндер де баршылық мына қоғамда… Қоғам қатал, адамдар сезімсіз… Заман емес, адам ренжітеді… Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның: «Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік» деген екен.  

 Керісінше, өзі балалар үйінің тәрбиеленушісі болса да, ащы суға үйір анасынан безінбей, үкіметтің берген ақшасына ешкімге білдірмей, ыстық тамағы мен шұлығын әперіп жүрген замандастарым да бар….
Баланың алақандай жүрегінде ата-ананың таудай орны болады. Біздің өміріміз шынында да, терезенің арғы жағында…Айнаға қарасаң – өзіңді көресің, терезеге қарасаң – өмірді көресің. Терезе сынды дегенше, өмір тоқтады деп біле бер!

Көңіл боса, жүрек жылы, жан егіл,

Сәби солай күрсінеді және бір.

Терезеге телміреді соншалық,

Көзіне іліп, көрді ме екен оны өмір?!

Жол біткеннің таңдап алып ауырын,

Құр босқа құрыспасын жауырын.

Мейір іздеп мейірімсіз өмірден,

Жыламашы, жыламашы, бауырым!

Таусыла ма тіршіліктің әуресі,

Кірмей кеткен пенделерміз мәңгі есі.

Көрінбейді-ау екеумізден басқаға,

Әйнектегі көңілдердің сәулесі.

Жамбыл БАҚЫТӘЛІ

Тексізден текті туа ма?

Адам баласын құртатын – Ой емес,

Ойсыздық шығар…

О.Бөкей

        Жетпіс жыл боданында ұстап, «интернационал отбасы» идеологиясын күштеп таңған саясаттың салқыны әлі де басылмай тұрған шақта «жаһандану» жаңғырының даусы тым қатты шыға келді. Соның салдарынан ұлт ретінде көбейе алмай, рухымыздың әлсіреуіне тап болдық. Өзге ұлтпен қан араластырып, өз тегіміздің құнарын жоғалта бастадық. Бұл – О.Бөкейдің «Атау кересінде» көрініс тапқан  бүгінгі күннің де шындығы!

        Ғалымдардың зерттеуіне мән берсек, адам бойындағы жақсы қасиеттер, әсіресе, батырлық, намысқойлық, даналық тұқым қуалаушылық жолмен келеді екен. Ал тұқым қуалау қанның таза болуына, яғни текке байланысты болады. Дана халқымыз «Тексізден текті тумайды», «Тегін білмеген теріс бағады», «Тексізді төрге шығарма» деп бекер айтпаса керек-ті!

        Елдің бәріне көмек қолын созуға даяр, батыл, ақ сөйлеп, әділін тайсалмай айта алатын Қандауыр мен өз сүйгені үшін әулетіне қарсы шығып, мұсылман дінін қабылдап, өмірінің соңына дейін намазын оқыған Нюра Фадеевнаның ұлы Ерік неге өте қатыгез, дүниеқоңыз, тасжүрек болды дейсіз? Төсек тартып жатқан анасы мен кезінде сүйіп алған жарына да жылы сөзі жоқ Еріктің бар ойлағаны неге өз қалауы? Бір кездегі жолдасы болған Тағанды кемсітіп, кек алғысы келген астамшылық мінез қайдан пайда болды? Мұсылман дінін қабылдаған Нюра Фадеева өлер алдында неге шоқынды?

        Бұл сұрақтың жауабын аралас некеде туған баланың бойына ата-анасының жақсы қасиеттерінің дарымайтындығынан табамыз.Тіпті Еріктің өз кіндігінен перзентінің болмауы да  көп мәселеден хабардар етсе керек.

        Еріктің мұхиттың арғы жағынан алдырған улы арасынан келген ажалына мойынсұнған анасына қазақы отбасынан шыққан тәрбиелі Айнаның атау кересін беруі, арулап, жер қойнына табыстауы, жоқтауы… шығарма барысындағы «Неге біз осы» деп басталатын философиялық толғамдардан отбасылық бақытты, шынайы қуанышты ешқандай ақшаға сатып ала алмайтындығымызға көз жеткіземіз.         

        Альфа ұрпақтарына өз тегінің тұнығын лайламауды осындай шығармалар арқылы үйрету міндетті. Аралас неке тек жекелеген адамдардың ғана емес, бүкіл ұлттың ажал алдындағы асына, яғни атау кересіне  айналуы әбден мүмкін. Сол себепті перзенттік парызын өтемек түгілі, рухани тұғыр мен болмыстан жұрдай Еріктердің көбеюіне жол бермеуіміз керек.

Жәния АРДАҚҚЫЗЫ

«Дей» берсін

Өзгенің өң бойынан кемшілік іздеуді қойып, қашан кеңшілік танытар екенбіз. Сырттан тон пішіп, білмейтін бейтаныстың да беймәлім тұсын білетіндей әңгіме қылу не осы? Өз көзімен көрмесе де, құлақпен естігенге ғана сеніп, өсектің өзегінен теппейтініміз өкінішті. Желігі басылмаған жел сөздің жетегіне ермеу керектігі, жетесіне жеткізіліп айтылса да, жүйесіз сөздің жүйрігі атанғандар жетерлік.

Жамандаудан жалтарып, әңгіме етуден әлі ешкім тысқары қалған емес. Әйтеуір не дейтінін, не дегісі келетінін іштей сезіп, байқап тұрасың. Бәрін білуге оқталып, құр сөзге құмартып, қызық қалайтындар да әңгімеге тым әуес келеді. Өзінен гөрі өзгенің жайы қызықтырып, өтірік сөзге жол беретіндері баршылық. Турасын айтқанда, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда, өшіктіріп, өштесіп өткен өмір мағыналы емес. Ал, көрінгеннің сөзінен көңіл қалып өкпелеудің тіптен мәнісі жоқ. Себебі, «дегендер» мен «дейтіндердің» әңгімесі еш таусылмайтыны хақ.

Сан түрлі санаға сыймас, ақылға қонымсыз сөз сөйлейтіндер не тірлік қылсаң да әңгіме етеді. Аяқ алысыңды аңдып, жүріс-тұрысыңды жөндегісі келетіндей. Осындайда езуге еріксіз күлкі ұялайды, шіркін! Есті әңгімені емес, өсек-аянды өзімсінгіндер бос сөзбен өзгенің тағдырын өзгертеді дегенге не дерсің? Иә, жайылған жалаң сөзге жаншылатындар да, қанша қашпа, қаңку сөз айтылса да еңсесін түсірмейтіндер бар. «Дейді, дейді» деген сайын делебесі қозып, сол адам жайлы дәлелсіз дәйек айтып дегбірін қашырады.

Сайып келгенде, көкірегінде не жатқанын білмегесін, әлдебіреу туралы көкіп сөйлеудің керегі жоқ. Жарамсақ сөзбен жүректі жаралау, көңілді қалдыру бір-ақ сәт. Одан кейін сынған көңіл әйнегінің қай шынысын жанастырып жүрмексіз? Сыртыңнан сұрлана көпіріп, көсіле сөйлеп, кейін дым болмағандай көлгірси келу көрегенділіктің нышаны емес. Әлдекімді әркіммен ғайбаттап опа тапқан ешкім жоқ. Кісілік келбетке мін тағып, кішілік мінезге сын келтіретін жандар жетіп артылады.

Ең жақсы, ең жаман адамның да бойынан титімдей қателік табуға, бетіне басуға белсене кірісетіндер тағы бар. Ал, ондай ашықтықты артықтық, шектен шыққандық деп білемін. Әр нәрсенің өз шегі, өз межесі болатынын ескерсек, өзгенің мінін көріп, болымсызды баян еткенше, алдымен өзімізбен күрескен дұрыс болар. Рас, кейде бір әңгіме басталып, ортаға тасталса, талқыға салынса, әркім әртүрліні айтып, өзінше болжам жасайды. Бәлкім, байыптылықтың бағасын, парасаттылықтың парқын түсініп отырса да еріксіз осындай әрекетке барар деген ой да келеді. Себебі, адам періште емес пенде екені белгілі. Дей тұрғанмен, екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойылса «дейділердің» дәурені баяғыда-ақ аяқталар еді. Сондықтан, сүйексіз қызыл тілге тізгін бермей, саналы ойдың сапасын арттырып, Хәкім Абай айтқан бес асыл іске көніп, бес дұшпаннан бойды алыс ұстаған маңыздырақ. 

Өсек сөзге керең боп, өсиетке терең болсақ, адалдықтан аттамасақ адамгершіліктің асыл сатысынан құламағанымыз. Өзгелердің «дейтіні» таусыла қоймас, сірә? Ол айтылған, әлі де айтылатын әңгіме. Тек таразыланғанның табы, сараланғанның сарыны  көрінетіндей татымды, есті сөз айтқан жөн болар.

Замира ҚОНЫСЖАН

Көңіл сыры

        Түн. Сағат 02:08. Балконнан түнгі қаланың көрінісін қызық көріп, өткен-кеткен көліктердің дыбысына құлақ түріп, одан қалса жүйіткіген пойыз көз алдымнан өткен сайын ару қала Алматыны аңсап, күнді қорытындылап жүргеніме бір айға жуық уақыт болды. Оқуға келгелі тапқан жаңа әдетім өзіме ерекше ұнайды. Жаныма жылылық сыйлап, өзімді тануға көбірек мүмкіндік береді. Ақыл мен жүрек бірлесіп шеше алмай жүрген ойлар санада сайрап, қандай шешім қабылдарыңды білмей жүргенде дәл осы жер – ойлануға да, ойға алуға да таптырмас мүмкіндік.  Бір сәт көліктер де тынып, бір-бірімен «абаласқан» иттердің де даусы шықпай қалды. Ғажап! Тыныштық! Жанға жайлылық! Бұрын-соңды тыныштықты мұнша ұнатамын деп ойлаған емеспін. Бұл өмірде тыныштықтан асқан сұлулықтың жоқ екенін мойындадым.

       Қаланың жарқ-жұрқ еткен шамдары қанша мың бояуға боялса да маған ұнамай, көңілім ауылды аңсап тұратын. Қалада тұратын адамдарды мүлде түсінбейтін кезім де болған. Төрт қабырғаға қамалып, күнінің жартысы кептелісте өтетін жерде қалай шыдамдары жетеді?  Алайда, өзім де қазір сол тіршілікке үйреніскендеймін. Ауылға жиі баруды да қойдым. Бұрын қалаға кеткен аға-әпкелерім айлап, жылдап келмейтін кездерде қалай сағынбайды деп таңғалатынмын. Сөйтсем, жаңа ортаға сіңісіп, қауырт жұмысқа орналасқан соң мүмкіндіктері бола да бермейді екен ғой. Болған күннің өзінде, кейбірі тордан шыққан торғайдай күйге енетін болар. Қайтадан келіп сол торына оралғысы келмегеннен сылтауларын жиып, ақыры сол ауылға бозбала бойжеткеннің қолынан ұстап оралатын. Ал қыздар жағы өз артынан «кешірім» деген жаңа туысқандарын жіберетінін талай рет құлақ естіп, көз көрген. Отбасына жаңа мүше қосылғанына әке мен шеше бір қуанса, шаңырақтарынан айналасына шуағын шашқан күнінің өзге үйге барғанын естіп көздерінің жасын бір сығып алатын. Осылайша, өмір өзінің алыс-берістен тұратынын тағы бір еске салатын…

        «Ауылда қыз арманы – қала көру» дей ме, Балғынбек?! Бірақ бұл маған арналмаған секілді. Себебі, ауылда өссем де Қызылорданы көруге онша құштарлығым болмағаны өтірік емес. Есесіне, Қызылордаға құмартпасам да, Алматыға деген махаббатым ерекше. «Арман қалада» оқу арманым болғанымен, әзірше көздегеніме жете алмадым. Бірақ миллионер қалаға барып, бітім-болмысы өзгерген кей таныстарыма көз салсам, менің туған қаламда қалғаным да дұрыс болған сияқты. «Ақылға ақыл толысқан шақта барып қызмет жасасам да үлгіремін ғой»  деп өз-өзімді жұбатамын.

        Дәл осылай әр ойдың басын бір шалып, өткенді бір, болашақты бір ойлап тұра беру сүйікті әдетіме айналды. Тұрған жерімде қиялдап, арман-мақсаттарымды ойша жүзеге асырып, сүйікті ақындарымның таңдаулы өлеңдерін дауыстап оқып бірнеше сағатымды өткізуге бармын.

Тек кей кездері Сырдың ұйытқыған «брэнд» желі жоспарларымның күлпаршасын шығаратыны бар…   

                  Жәния ТӨРЕБЕКОВА


Барды бағалау

Біз түп негізінде жақсы жазылған кітаптарға бағыныштымыз. Кітап – сана, кітап – ақыл, кітап – тарих, кітап – ар, кітап – тәрбие,  кітап –жан…

Біз осының бәрінен алыстаған, баз кешкен, талақ қылған, ойран-топырын шығарған, шаң тозаң қаптаған ғаріп ғасырда өмір сүріп келеміз-ау…

С.Мұратбековтің «Жусан иісі»шығaрмaсын алғаш оқығанда еріксіз көз жасыма ерік бердім. Аянды аядым, қатыгездікке налыдым. Өйткені, біреуге жәутеңдеп өмір сүрудің оңай еместігін мeн кітаптардан ғана емес өмір сабақтарынан да білем… Жо-жоқ, шағым айту ойымда да жоқ. Шүкір деймін, тәубе деймін…

Автор Аян бейнесі арқылы сағыныш, қынжылыс, өкініш, намыс, тұрмыс тауқыметі, достық, кешірім, бекзаттық бәрімізге ортақ дүние екенін айтады. Тaлaй қaлaмгeр aт ізін сaлғaн соғыстан кейінгі aуыл өмірін тілгe тиeк eтіп, өзіндік eрeкшe мaзмұнғa иe, дaрa кeлбeт, жeкe дидaр, бөлeк бoлмысы бaр бeйнeмен таныстырады.

«Анадай жерде: шолақ жең ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп, екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды», ‒ барлық жаңа танысқан балалардың басынан өтетін оқиға  – бір-біріне үйренгенше сынай қарау.

Шығармадағы Аянның жaн дүниeсіндeгі тoлғaныс-тoлқулaры «ағам келген соң бәрі артта қалады» деген үміті, сағынғанда киімін иіскеуі,  кeйіпкeр кeлбeтін көбінe-көп oй aғыны мeн сөйлeгeн сөзі aрқылы жeткізугe дeн қoюы  қандай керемет, қандай нанымды?! Қиналған сәтінде,  Тұржанның озбырлығын көргенде «ағам келсін!» деп кіжінуі, ешкімге көрсетпей қораның түкпіріне кіріп, солқылдап жылайтын намысшылдығы… Өзге балаларға ұқсамайтын ерекшелігі – ойдан ертегі құрап айта алуы, ертегі тыңдаған балалардың санасында жақсылыққа ұмтылу сезімін туындатуы…

Кім білсін, автор бойыңдағы Аянға деген борыштарлық сезім, шанасын бермегеніне деген бала өкініші арқылы, өзіңді өзің кешіре алмайтын үлкен өкініштің жататындығын айтқысы келген болар.

         Сол Аян сияқты соғыс зардабын тартпасам да, көктен өзіме қолдау көрсететін анама деген сағынышымды ешнәрсемен баса алмаймын! Иә, мен Аян сияқты өзгенің шанасына көз сатып тұрмадым, Тұржан сияқты қатыгездердің таяғын жемедім. Ол үшін анамның орнын жоқтатпауға тырысып жүрген қазіргі анама – мың алғыс! Мен «Жусан иісі» повесінен барды бағалауды үйрендім.

Аружан ӘЛІМЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!