Түркияның танымал туристік аймағы Каппадокияда екі бірдей әуе шары апатқа ұшырады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Yeni Şafak басылымына сілтеп.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әуе шарлары Ихлара аңғарынан ұшып шыққаннан кейін күшейген желдің салдарынан басқарудан шығып, апатқа ұшыраған. Олардың бірі Гёзлюкёю ауылына жақын жерде қатты қонуға мәжбүр болған. Ал екінші әуе шары аңғардың басқа бөлігінде құлаған. Апат салдарынан Түркия азаматы қаза тапты.

Құтқарушылардың айтуынша, ол шар себетінен құлап, құрылым астында қалып қойған. 19 адам түрлі дәрежедегі жарақат алып, Аксарай мемлекеттік ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің басым бөлігі – Индонезиядан келген шетелдік туристер. Дәрігерлердің айтуынша, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, жағдайлары тұрақты. Қазіргі уақытта Ихлара аңғарында әуе шарларымен ұшу уақытша тоқтатылды. Түркияның көлік және азаматтық авиация министрлігі техникалық тергеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!