фото: ашық дереккөзден

2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алу — Өзбекстан футбол тарихындағы айтулы оқиға болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл тарихи жетістік елдің спорт саласындағы жаңа белеске шыққанын көрсетті. Осыған орай, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ұлттық құраманың бас бапкері, ойыншылары мен жаттықтырушылар штабына жоғары мемлекеттік марапаттар табыстау жөнінде жарлыққа қол қойды.

Бас бапкер Тимур Кападзе мен құраманың барлық ойыншысы «Өзбекстан мақтанышы» атағына ие болды. Бұл құрмет тек негізгі құрамдағыларға емес, жас дарын иелеріне де берілді. Олар Азия іріктеу кезеңіндегі маңызды ойындарда ерекше көзге түсіп, жеңіске елеулі үлес қосты.

Сондай-ақ, Өзбекстан футбол қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Равшан Ирматов «Фидақорлық еңбегі үшін» орденімен марапатталды. Ұлттық құраманың жаттықтырушылар құрамындағы шетелдік мамандар, оның ішінде Сречко Катанец, «Достық» орденін иеленді.

Құрама дәрігері Алишер Арипов футболшылардың денсаулығын қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегі үшін «Денсаулық» ІІ дәрежелі орденін алды. Ал физиотерапевтер «Салауатты өмір салты» медалімен марапатталды.

Футбол қауымдастығының басқа да қызметкерлері — администраторлар, аудармашылар, медиа мамандар мен жанкүйерлер құраманы даярлау мен насихаттау жұмысына қосқан үлесі үшін «Шуһрат» медалін алды.

Президент Мирзиёев бұл жеңіске бейжай қарамай, ойыншыларды жеке өзі телефон арқылы құттықтаған. Сонымен қатар, ұлттық құраманың футболшыларына BYD маркалы автокөліктер сыйға тартылатыны да белгілі болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!