Іnbusiness.kz. Дональд Трамптың қолдауымен қол қойылған бітім келісімдері жаппай бұзылып жатыр.

№1 қақтығыс: Тайланд vs Камбоджа

Тайланд таяуда Дональд Трамптың араағайындығымен қол жеткізілген көрші Камбоджамен арасындағы бейбітшілік декларациясының күшін белгісіз мерзімге тоқтатып тастады. Бұған осы дүйсенбіде екі елдің шекарасында бірнеше тайлық солдаттың минаға жарылуы себеп болды. Бұл туралы CNN хабарлады.

«Бізді мазақ қылғаны жетеді. Осы кезге дейін жүзеге асырылған барлық жұмыстар осымен тоқтатылады. Жағдай толық айқындалғанша, көрші жаугершілік көзқарасынан түпкілікті айнығанша бітім келісімі доғарылады», – деді Тайланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракул.

Сондай-ақ Тайланд екі ел арасындағы тікенді сымнан тұратын дуал жойылғаннан кейін жаңа миналарды орнатты деп, көршісін айыптады. Тай лидерінің байламынша, бұл Камбоджаның дұшпандық пейілден бас тартпағанын және ұлттық қауіпсіздікке қауіп сақталып қалғанын көрсетеді.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, екі елдің қатынасының ушығуына Тайландтың солтүстік-шығысындағы Сисакет провинциясында 4 жауынгердің минаға түсуі себеп болды.

«Жарылыс бір солдаттың оң аяғын жұлып кеткен. Екіншісінің аяғын жарықшақтар жаралады. Оқиға жиі пайдаланылатын маршрутпен әдеттегі патрульдеу кезінде орын алды. Жаңа миналарды орнату бірлескен декларация талаптарын бұзады және Тайландтың ұстанымына тікелей ықпал етеді», – деді Тайланд патша әскерінің өкілі генерал-майор Винтай Сувари.

Камбоджа Үкіметі өзіне тағылған барлық айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды және көршінің жерінде жаңа миналарды орнатпағанына сендіріп бақты. Ол сондай-ақ бейбітшілік декларациясының күшінің біржақты тоқтатылғанына салмақты алаңдаушылық білдірді және оны орындауды өзі жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Қалай болғанда, Тайландтың суық мәлімдемесі аталған декларацияда бекітілген 18 камбоджалық әскери тұтқынның босатылуына кедергі келтіруі мүмкін.

«2025 жылғы 26 қазанда Малайзияға сапары барысында Трамп Тайланд пен Камбоджа көшбасшылары арасындағы бейбіт декларацияға қол қою рәсімін өткізген болатын. Сонда қос лидер де АҚШ Президентінің бітімгершілік күш-жігерін үлкен жомарттықпен мақтап, мадақтап еді. Дональд Трамп бұл келісімді өзінің ірі дипломатиялық жеңісі ретінде жариялады және шектен тыс дәріптеліп жүрген «бірнеше соғысты тоқтату кампаниясының» кезекті серпіні санаған еді», – деп еске салады америкалық CNN.

Шекараларындағы даулы аумақтарға бола, Тайланд пен Камбоджа (бұрынғы Кампучия) кейінгі онжылдықта бірнеше рет қантөгіс қырғынға барды. Соңғысында, 2025 жылғы шілдеде соғыс 5 күнге ұзады, екі жақтан ондаған адам қаза тапты, шамамен 200 мыңдай адам босқынға айналды.

№2 қақтығыс: Пәкістан vs Ауғанстан

Сейсенбіде, 11 қарашада Пәкістан астанасы Исламабадта, сот ғимаратының жанында жарылыс болды. Жанкешті лаңкес жасаған теракті кесірінен, кем дегенде 12 адам қаза тапты, ондаған адам жараланды. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Мохсин Накви хабарлады.

Оның баяндауынша, терроршы алдымен сот ғимаратына кіріп кетуге жанталасыпты. Ол әрекетінен түк шықпаған соң автотұрақтағы полиция автокөлігін шабуылдаған. Полиция дерегінше, негізінен қасынан өтіп бара жатқан жүргіншілер немесе сот отырысына келген адамдар жарылыстың құрбаны болды.

Елдің қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммад Асиф мұны «Ауғанстаннан жолдау» ретінде түсінетінін мәлімдеді.

«Біз көрші елмен соғыс жағдайында тұрмыз! Пәкістан армиясы тек пәкістан-ауған шекарасында және қашықтағы Белуджистан ауданында ғана күрес жүргізіп жатыр деп есептейтіндер Исламабадтағы округтік сот алдындағы жанкештінің бүгінгі шабуылын ескертуші белгі-сигнал деп бағалағаны жөн», – деп жазды министр Х әлеужелісінде.

Асифтің байламынша, қалыптасқан жағдайда келіссөздердің табысты болатынынан үміттену – пайдасыз іс. «Пәкістан бұған лайықты жауап беру үшін барлық мүмкіндікке ие!» – деп доқ көрсетіп қойды пәкістандық қорғаныс министрі. Бетін аулақ қылсын, бірақ бұл жаңа қақтығыстың басталуына алғышартқа айналуы да ғажап емес.

Ізінше бұл шабуыл үшін жауапкершілікті «Талибанның» пәкістандық бөлімшесінен жеке бөлініп шыққан «Джамаат-уль-Ахрар» тобы өз мойнына алды, деп хабарлады AP агенттігі.

Соның алдында, 10 қарашада Пәкістанның арнайы қызметтері содырлардың Ауғанстанмен шекара жақтағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында армиялық колледждің курсанттарын кепілге алу талабының алдын алғанын мәлім еткен болатын. Оқу орнын жанкешті лаңкес пен тағы 5 адам шабуылдағаны жарияланды.

Пәкістан билігі шабуылға ауған-пәкістан шекарасында әрекет ететін «Техрик-и-Талибан Пәкістан» (ТТП) тобын айыптады. Бірақ содырлар шабуылға қатыстылығын жоққа шығарды.

Сол 10 қарашада Кабул «пәкістандық делегацияның негізсіз әрі орындалмайтын талаптары» екі ел арасындағы келіссөздерді ақыры тұйыққа тірегенін мәлімдеген еді. Мұны Ауғанстанның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмірхан Муттаки жеткізді.

«Пәкістанның өкілдері келіссөздер кезінде орындалмайтын талаптарды тықпалаумен болды. Оның бірі мынадай: «Пәкістанда бұдан былай қауіпсіздікке нұқсан келтіретін оқиғалардың болмайтынына бізге кепілдік беріңдер!» Сонда бөтен территорияда біз ол кепілдікті қалай жүзеге асыруымыз керек? Ауғанстан Пәкістанмен өзара құрметке құрылған достық қатынастар орнатуға құлшынады. Сонымен бірге өзіміздің жеріміздің бүтіндігін де қорғауды жалғастырамыз», – деп ескертті Муттаки.

Сондай-ақ ол Ауғанстанды тізе бүктіріп, айтқанына көндіру үшін сауда маршруттерін жауып тастап, қысым көрсетіп жатыр деп көршісін айыптады. Ауған билігі өкілінің бұл сөздерін кабулдық Tolo News телеарнасы жеткізді.

Таяуда Пәкістан және Ауғанстан арасындағы шекаралық қанды қақтығыстан кейін екі ел 48 сағаттық бітімге келді. Түркия мен Қатардың араағайындығы арқасында ол бітім «келіссөздер аяқталғанша созылатын» татуласуға ұзады.

Артынша дауласушы-жауласушы екі елдің делегациялары алдымен Қатар астанасы Дохада, кейін 25-30 қазан аралығында түркиялық Ыстанбұлда кездесіп, келіссөз жүргізді. Алайда 7 қарашада Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммед Асиф келіссөздердің тығырыққа тіреліп, уақытша тоқтағанын мәлімдеді.

Ауған Үкіметінің өкілі Забихулла Муджахидтің мәліметінше, Доха мен Ыстамбұлдағы келіссөздерде шешімін таппаған басты бір мәселе – «Техрик-и Талибан Пәкістан» (TTП) пәкістандық қозғалысының қызметі болды. Муджахид пәкістандық биліктің Кабулдан ТТП-ның Пәкістандағы қызметін бақылауды талап етіп жатқанын мәлім етті. Бірақ «Талибан» бөгде территориядағы қауіпсіздікті кепілдендіру ауған әкімшілігінің өкілеттігінен тыс жатқанына табандайды.

Германиялық DW Ауғанстан-Пәкістан арасында ірі ауқымды соғыс болуына қатысты қауіп артып келе жатқанын мәлім етті.

«Кезінде одақтас болған осы қос мемлекет арасындағы шиеленістің күшейе түсуіне Исламабадтың Кабулдан ТТП-ға қарсы шара қабылдауды талап етуі де түрткі болды. Өйткені ТТП – ауғандық «Талибанмен» тығыз байланысты пәкістандық қарулы топ. Ол Пәкістанда, әсіресе, оның іргелес Хайбер-Пахтунхва провинциясында діннің қатаң талаптарын таңуға күш салуда. Исламабадтың дерегінше, топ ауған аумағында ешқандай жазасыз, еркін әрекет етеді. Ауғандық тәліптер мұны жоққа шығарды. Соңғы жылдары ТТП Пәкістанның қауіпсіздік күштеріне қарсы бағытталған шабуылдарын арттырды», – деп түсіндірді саяси шолушы Харун Джанджуа.

Пәкістан армиясының өкіліне сілтеп AFP агенттігінің хабарлауынша, 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында ТТП содырларының шабуылдары салдарынан 500-ден аса адам, соның ішінде 311 пәкістандық солдат пен 73 полицей мерт болды.

«Пәкістан ТТП тарапынан бұрын-соңды болмаған алапат қарқындағы ұрыс белсенділігінің артқан қаупіне тап болуда. Қазіргі жағдайда пәкістандықтардан контртеррористік операцияларды және барлау мүмкіндіктерін күшейту талап етіледі. Сонда ғана терроризм қаупімен лайықты күресіп, оған қарсы тұра алады», – деді Исламабадтағы Қауіпсіздік стратегиялары мен зерттеулері орталығының атқарушы директоры Имтиаз Гүл.

№3 қақтығыс: Иран vs Израиль

2025 жылғы 24 маусымда Дональд Трамп өзін-өзі мақтап, өзінің арқасында Израиль мен Иран атысты толық тоқтату туралы келісімге келгенін және 12 күндік соғыс тәмамдалғанын жариялады. Алайда The New York Times (NYT) осы екі елдегі шенеуніктер мен сарапшыларға сілтеме жасап, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың қайта жанданғалы жатқанын жазды.

Америкалық басылымның дәйектеуінше, Израилді қорқытқан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер тұйыққа тірелді. Иранның уранды байыту бағдарламасын шектеуге тиісті бұрынғы мәміленің мерзімі өткен айда бітіп қалды. Бұл ретте Израиль жоғары байытылған уран қорының үлкен бөлігін Иран сол бойы сақтап қалды деп санайды.

«Қауіпті жағдай қалыптасуда: келіссөз жоқ, ирандық арсеналға қатысты айқындылық та жоқ. Оған енді тәуелсіз сыртқы бақылау да жоқ. Парсы шығанағы елдерінің көбі мұның бәрі Израильдің Иранға жаңа шабуылына себеп-сылтау болатынына сенімді», – дейді NYT.

Халықаралық дағдарыс тобындағы Иран бойынша жобаның басшысы Әли Ваездің жорамалдауынша, Израиль жаңадан шабуыл жасаса, Иран енді ұстамдылық танытпайды, әлдеқайда қатаң жауап береді.

«Бүгінде оның зауыттары тәулік бойы жұмысқа көшіп, тоқтаусыз зымырандар жасауда. Жаңа соғыс басталған жағдайда Иран израилдік қорғанысты бұзып, әуе қалқанын күйрету үшін бір мезгілде 2 000 зымыран ұшыруды жоспарлап отыр. Салыстырсақ, биылғы маусымдағы қақтығыс кезінде, 12 күн ішінде 500 зымыран ғана жолдаған болатын», – деді сарапшы.

2025 жылғы 24 маусымнан бері Израиль мен Иран арасында атысты тоқтату режимі әрекет етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!