Нью-Йорк университетінің ғалымдары «Мысырда 4500 жылдан астам уақыт бұрын Үлкен Сфинкс мүсінінің қалай пайда болғанын нақты анықтадық» деп мәлімдеді. Кazinform бұл туралы New York Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшылар ондаған жыл бойы Гизадағы Ніл өзенінің бойынан табылған әктас мүсіннің бетін тас қалаушылар қолмен ойып салған болуы мүмкін деген пікірге тоқтаған болатын, бірақ олар үлкен мүсіннің қалай жасалғаны туралы қорытындыға келген жоқ.

Нью-Йорк университетінің ғалымдары жүргізген және Physical Review Fluids журналында жариялауға қабылданған зерттеу эрозияның Сфинкс тәрізді пішіндерді жасай алатынын анықтады.

Зерттеудің аға авторы Лейф Ристрофтың айтуынша, алынған қорытынды мұндай үлкен мүсіндердің эрозиядан пайда болуы мүмкін екенін дәлелдейді. Тек мысырлықтар оны мүсінге айналдырған.

Университет командасы өз теориясын дәлелдеу үшін желдің шөлде кездесетін ерекше жартас құрылымдарына қалай әсер ететінін зерттеді. Мысырдың солтүстік-шығысындағы аймаққа ұқсату үшін ішіне қаттырақ, эрозияға көп ұшырамаған материалы бар жұмсақ саз үйінділерін алып, содан кейін оны судың жылдам ағынымен шайды.

Саз ақырында Сфинкс тәрізді формацияға ұқсай бастады. Адамдар кейін оны нақты пішіндерге айналдырған болуы мүмкін.

Үлкен Сфинкс б.д.д. 2500 жылы, 4-ші әулет кезінде Гизаның Ұлы пирамидаларымен бірге салынды деп саналады.

Университет ғалымдары жүргізген эксперимент 1981 жылы геолог Фарук Әл-Баз ұсынған теорияны да зерделеді. Онда да Үлкен Сфинкс табиғи жолмен, жел эрозиясынан пайда болғаны айтылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!