KAZINFORM – Заңсыз көші-қон мәселесін шешу және АҚШ шекарасын қорғау үшін шамамен 100 миллиард доллар бөлу қажет, деді АҚШ-тың Республикалық партия өкілі Линдси Грэм. Ол сондай-ақ заңсыз көші-қон жағдайын жақсарту үшін уақытша орналастыру орталықтарындағы орындардың санын үш еседен астамға көбейту қажет екенін атап өтті, деп жазады ТАСС.

– Мұның барлығына шамамен 100 миллиард доллар керек, мен басқа шығындарды қысқарту арқылы 100 миллиард доллар бөлуге дауыс беруге дайынмын, – деді ол Fox News-ке берген сұхбатында.

Миграциялық дағдарыс Америка Құрама Штаттарындағы сайлау жарысындағы негізгі мәселелердің біріне айналды, республикашылдар оның күрт нашарлауына Джо Байден әкімшілігі мен демократтарды кінәлайды. 

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп көпшілік алдында сөйлеген сөзінде инаугурациядан кейін Америка тарихындағы заңсыз мигранттарды депортациялау бойынша ең ірі операцияны жүзеге асыруға ниетті екенін бірнеше рет айтқан.

5 қарашада өткен президент сайлауында Трамп жеңіске жетті. Ол Демократиялық партияның өкілі, АҚШ вице-президенті Камала Харристі жеңді. Республикашылдар Конгресс Сенатын бақылауға алды, сонымен қатар Өкілдер палатасындағы көпшілікті сақтап қалды. Трамптың инаугурациясы 2025 жылдың 20 қаңтарында өтеді.

Айта кетейік, Мыңдаған босқын Мексикадан АҚШ шекарасына қарай бағыт алды. Олар Трамп сайланғанға дейін АҚШ-қа кіруге ниетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!