Фото: Ricky Carioti/The Washington Post via Getty Images

АҚШ-та Балтимордағы Фрэнсис Скотт-Ки көпіріне контейнер таситын кеме соғылды. Салдарынан ұзындығы 2,5 километр болатын көпір құлады. Жергілікті БАҚ хабарлауынша, төтенше жағдайдан соң алты адам қаза тапқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

The Baltimore Sun Мэриленд штатында болған төтенше жағдай салдарынан алты адамның қаза тапқанын хабарлады. Қайтыс болғандардың барлығы – апат кезінде бетонның беткі қабатын жөндеп жатқан жұмысшылар.

Жұмысшылары жөндеу жұмыстарын жүргізген Brawner Builders компаниясының атқарушы вице-президенті Джеффри Прицкер оқиғаны өте қорқынышты трагедия деп атады.

«Мұндай жағдай болады деп ешқайсымыз ойламаған едік. Барлығымыз қайғырудамыз», – деді ол.

CNN хабарлауынша, елдің сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеге сәйкес құрылысшылардың екеуі Гватемаладан болған.

Сейсенбіде консулдық Мэрилендтегі бас консулдың жергілікті билікпен байланыста екендігі туралы мәлімдеме таратты.

Еске сала кетейік, 26 наурызда Балтимордағы (Мэриленд штаты, АҚШ) төрт жолақты Фрэнсис Скотт Ки атындағы көпірге үлкен контейнер тасушы кеме соғылып, опырылып кеткен болатын. Мэриленд көлік басқармасы барлық көлік қозғалысы тоқтатылғанын айтты.

Бұған дейін Мэриленд штатының көлік министрі Пол Видефельд көпір құлаған кезде жұмысшылар онда бетон жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтқан. Олардың бірі құтқарылғаны хабарланды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!