Фото: podrobno.uz
Kazinform – АҚШ-тың Сауда өкілі Кэтрин Тай 11-12 маусым күндері Ташкент пен Самарқандқа барады. Ол Өзбекстан президентімен және басқа да ресми тұлғалармен кездеседі. Осыдан кейін ол Астанада өтетін АҚШ пен аймақ елдері арасындағы Сауда және инвестициялық келісімнің отырысына қатысады.
АҚШ-тың сауда өкілі Кэтрин Тай Орта Азияға сапарын әуелі Өзбекстаннан бастайды. Бұл туралы АҚШ Сауда өкілінің кеңсесі (USTR) хабарлады.
Сапардың бірінші күні Кэтрин Тай президент Шавкат Мирзиеевпен кездеседі деп жоспарланған. Ол, сондай-ақ, Президенттің көмекшісі Саида Мирзиёевамен және бірқатар үкімет өкілдерімен кездеседі.
АҚШ Сауда өкілі 12 маусымда Самарқандқа барады. Онда ол облыс әкімімен кездесіп, қаланың көрікті жерлерін аралайды.
Кэтрин Тай 12-13 маусым күндері Астанаға келеді және АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы Сауда және инвестициялық негіздемелік келісімнің (TIFA) отырысына қатысады деп жоспарлануда. Тай Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Түркіменстанның ресми өкілдерімен АҚШ-Орталық Азия сауда және инвестициялық негіздемелік келісім (TIFA) кеңесінің отырысына тең төрағалық етеді.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринмен кездеседі.
Жұма күні, 14 маусымда Кэтрин Тай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі жоспарланған.
Сонымен қатар АҚШ Сауда өкілі Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі, Индустрия және Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерімен де кездеседі.
Кэтрин Тай – Сауда жөніндегі палата комитетінің адвокаты және бас сауда кеңесшісі. Оны АҚШ-тың сауда өкілі қызметіне президент Джо Байден ұсынған.
АҚШ Сауда өкілі сыртқы сауда саясатын үйлестіруге, сауда заңдарын әзірлеуге, екіжақты және көпжақты сауда келісімдерін әзірлеуге жауапты мемлекеттік қызметкер. Ол АҚШ президентінің атқарушы кеңсесінің бөлігі болып табылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!