Ауғанстан үкіметі әйелдерге медбике мен акушер мамандығын алуға тыйым салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The Guardian таратқан мәліметке сәйкес, құқық қорғаушылар ел тұрғындары медициналық көмектің жоқтығынан қайтыс болып жатқандарын мәлімдеді.
Алайда тыйым салуды қамтитын жарлық әлі жарияланбаған. Бірақ жергілікті басылымдар елдің денсаулық сақтау министрлігінің отырысында ол бұйрықтың айтылғанын растап отыр.
Кабул мен оның маңындағы провинцияларда медициналық білім алып жатқан студенттер мен оқытушылар оқу ордаларында аталған мамандықтарды әйелдердің меңгеруі тоқтатылғанын айтты.
Ауғанстанда ана денсаулығы билік өзгергенге дейін де тұрақсыз болған. Бұл оқиғаға дейін Ауғанстан ана қауіпсіздігінің деңгейі бойынша соңғы орындардың біріне табан тіреді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, 2020 жылы дүниеге сәби әкелген әр 100 мың әйелдің 620-сы қайтыс болған. Салыстыру үшін айтар болсақ, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш небәрі 10 жағдайды құрайды.
БҰҰ ауғанстандық әйелдерге тиісті медициналық көмек көрсету үшін 18 мың білікті акушер қажет деп отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!