2024/2025 маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасының финалдық матчы аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Финалда «ПСЖ» мен «Интер» командалары кездесті. Ойын Мюнхен қаласындағы «Арена Мюнхен» стадионында өтті.

Кездесудің бас төрешісі ретінде румыниялық Иштван Ковач қызмет атқарды.

Матчта «ПСЖ» командасы қарсыласын 5:0 есебімен жеңіске жетті.

12-минутта қорғаушы Ашраф Хакими Дезире Дуэнің пасынан кейін есеп ашты. 20-минутта Дуэ есепті екі есе ұлғайтты. 63-минутта Дезире Дуэ дубль жасап, «ПСЖ» басымдығын ірі есепке жеткізді. 73-минутта Хвича Кварацхелия француз командасының төртінші голын соқты. 86-минутта жартылай қорғаушы Сенни Маюлу соңғы нәтижені бекітіп, есепті 5:0-ге жеткізді.

Осылайша, «ПСЖ» өз тарихында алғаш рет Еуропаның басты клубтық трофейін жеңіп алды.

Париждік команданың қақпашысы, ресейлік Матвей Сафонов матч бойы қосалқы құрамда отырды.

Мюнхендегі жеңістен кейін Парижде француз жанкүйерлері тәртіпсіздік ұйымдастырды. Ақпаратқа сүйенсек, бүлік негізінен қаланың орталық бөлігінде орын алған.

Шамамен елуге жуық адам автобустың артқы терезесін сындырып, көлікке зақым келтірген. Ішінде отырған жүргізуші зардап шекпеген.

Бұдан бөлек Елисей алаңында бір автокөлікке от қойылған. Алайда өрт сөндірушілер дер кезінде келіп, жалынды бақылауға алған.

Сонымен қатар бірнеше адам аяқ киім дүкеніне басып кіргені хабарланса, Порт-де-Сен-Клу ауданында екі автокөлік өртеніп кеткен. Полиция тәртіпті қалпына келтіру үшін көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болған.

Соңғы полиция деректері бойынша, Париждегі тойлау барысында 294 адам ұсталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!