Фото: focus.ua

Сенбі күні таңертең Татарстан астанасы Қазан қаласы жаппай дрондар шабуылына ұшырады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Жергілікті билік мәліметінше, сегіз дронның алтауы тұрғын үйлерге, оның ішінде екі биік ғимаратқа соғылған. Украина тарапы бұл оқиғаға қатысты пікір білдірмеді.

«Жалпы сегіз дрон тіркелді. Оның бірі өнеркәсіптік кәсіпорынға, бірі өзеннің үстіне, алтауы тұрғын үйлерге түсті. Осы уақытқа дейін қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады Татар-информ агенттігі.

Ресейдің Қорғаныс министрлігі шабуыл барысында үш дронды әуе қорғанысы жүйесімен атып түсіргенін және тағы үш дронды радиоэлектронды күрес құралдарымен бейтараптандырғанын мәлімдеді. Министрлік мәліметінше, шабуыл сағат 7:40-тан 9:20-ға дейін созылып, дрондар үш толқында әртүрлі бағыттан жіберілген.

Telegram-арналарда жарияланған видеоларда дрондардың бірі 37 қабатты «Лазурные небеса» тұрғын үй кешеніне соғылғаны байқалады. Оқиға орнына таңертең Татарстан басшысы Рустем Минниханов келіп, жағдаймен танысты. Билік мәліметі бойынша, тұрғындар зардап шекпегенімен, жоғары қабаттардан лифтсіз эвакуациялануға мәжбүр болған. Ғимараттың терезелері сынған.

Дрондар 23 қабатты «Манхэттен» тұрғын үй кешені мен Клара Цеткин көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйге де соғылған.

Ал Украина тарапы шабуылға қатысты пікір білдірген жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!