Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен арнайы операциядан кейін Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бакудегі уақытша сенімді өкілі Петр Волоковыхты министрлікке шақырды. Бұл туралы ведомство ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Мәліметке сәйкес, 27 маусым күні Ресей құқық қорғау органдары Екатеринбургте әзербайжан тумалары тұратын бірнеше пәтерге рейд ұйымдастырған. Нәтижесінде екі азамат – Зияддин және Гусейн Сафаров қаза тауып, бірнеше адам ауыр жараланып, тоғыз адам тұтқындалған.
Әзербайжан тарапы бұл әрекеттерді «қатыгездікпен жасалған күш қолдану» деп бағалап, ресейлік тарапқа қатаң наразылық білдірді.
Ресейдің тергеу органдары болса, рейдті 2001 жылы әзербайжан азаматы Юнис Пашаевтың өлтірілуіне байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында жүргізілгенін хабарлады. Тінтулер Агдамнан шыққан Сафаровтар отбасына қатысты жүргізілген.
Сондай-ақ «Баку Плаза» сауда орталығында тінту жұмыстары болған. Кейбір дереккөздер өңірдегі әзербайжан диаспорасының жетекшісі Шахин Шихлинскийден жауап алынғанын хабарлағанымен, ол бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!