Төрткүл дүниені аяғына телмірткен атақты футболшылар үшін құнды сыйлық – «Алтын доп». Олар үшін бұдан артығы жоқ. Сол үшін жасыл алаңда жанын салып, тер төгеді. Жыл сайын қоңыр күздің соңғы күндерінде өтетін марапаттау кеші биыл Францияның Париж қаласындағы Шатле театрында өтті. Мұнда дәстүр бойынша маусымның ең үздік футболшыларымен қатар ең үздік бапкер, қақпашы, жас футболшы және үздік әйел футболшы да анықталады.

Негізі бұған дейін «Алтын доп» жеңімпазы анықталып қойғанын әлем басылымдары жарыса жазған болатын. Барлығы дерлік бразилиялық ойыншы, «Реал Мадрид» шабуылшысы Винисиус Жуниордың иеленетін айтып дабыл қақты. Бірақ керемет кештің өтетін күні таяп, санаулы сағаттар сырғығанда барлығы күрт өзгерді. Тіпті берілген дауыстардың мәліметі жария болып, Испания құрамасы мен «Манчестер Ситидің» жартылай қорғаушысы Родри жеңімпаз болатыны анықталды. Осылайша, «France Football» басылымының қорытындысымен 2024 жылдың «Алтын доп» иегері Родри атанды. Бұған дейін Испания ойыншыларына және «Манчестер Сити» ойыншыларының ешбіріне бұл атақ бұйырмаған.

Ал жұрт болжаған Винисиус екінші орынға жайғасса, Джуд Беллингем – үшінші, Даниель Карвахаль – төртінші және Эрлинг Холанд бесінші орынға лайық деп танылған.

Жоғарыда атап өткендей, маңызды күнде «Барселона» клубының шабуылшысы 17 жасар Ламин Ямал «Алтын бала» атағына қол жеткізді. Бұл жыл бойына үздік нәтиже көрсеткен жас ойыншыларға берілетін сыйлық. Сондай-ақ биылғы жылдың үздік клубы «Реал Мадрид» болды. Ал клуб бапкері Карло Анчелотти «Үздік бапкер» болса, шабуылшысы Килиан Мбаппе мен Бавария құрамасының сұрмергені Харри Кейн «Үздік шабуылшы» екені белгілі болды. Мұнан бөлек аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес атақты «Лев Яшин» атындағы жүлдеге қол жеткізіп, әлем қақпашыларын басып озды.

Айта кетейік, мәртебелі атаққа дауыс берушілер тек Фифа-ға енген құрамалардың бас бапкерлері, капитандары және әр елден белгіленген спорт журналистері бола алады.

Бақыт НҰР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!