Фото: zhandos.yergaziyev

Танымал инженер, миллиардер Илон Масктың анасы модель, диетолог 76 жастағы Мэй Маск Алматыға келіп, қазақстандық әйелдерге ақыл, кеңесін айтты. Ол өз өмірі, жетістікке жеткен балалары жайлы айтып, зорлық-зомбылыққа толы болған некесін еске алды. Өмірлік тәжірибесі негізінде қазақстандық әйелдерге кеңесін берді, – деп хабарлайды Stan.kz.

Мэй Маск Алматыға бірнеше күн бұрын, арнайы шақыртумен келіп Орталық Азия әйелдер форумы BeWoman-да сөз сөйледі.

50 жыл сәнбикелік тәжірибесі бар Мэй алдымен Қазақстан туралы өз ойын бөлісті. Бұған дейін ол Қазақстан сияқты ел турасында мүлде бейхабар болғанын мойындады.

“Қазақстан туралы ештеңе білмеппін. Бірақ мен шытырман оқиғаларды ұнатамын. Жаңа адамдарды, жаңа мәдениетті зерттегенді жақсы көремін. Ел қатты таңғалдырды”, – дейді ол.

Сондай-ақ ол қазақ дәстүрінің бірі тұсау кесер туралы айтып өтті. Осы сапары барысында ол кішкене бүлдіршіннің тұсауын кесті.

“Өзі сондай әдемі, тәп-тәтті бала екен. Мен оны қолынан ұстап, біраз жүріп өттік. Жатырқамады. Сіздерде өте әдемі дәстүр бар екен, – деді Мэй Маск.

Модель Африкада өткен балалық шағын айта отыра, отбасымен шөл далада өмір сүргенін, тіпті түнде гиеналардың ұлып, қатты қорыққандарын еске алды. Суды үнемдеп, тіпті кейде жуынуға мүмкіндік болмай қалған кездер болғанын айтып берді. 

“Ата-анам бізді қарапайым өмір сүруге үйретті, бұл тәжірибе маған кейін ажырасқаннан кейін қаржылық қиындықтарды жеңуге көмектесті. Канадаға қоныс аударғанда, қалтамда көк тиін жоқ,  барлығын қайтадан бастауға тура келді, киімдерді секонд-хендтен алатынбыз”, – деді ол.

Зорлық-зомбылыққа толы некесі туралы айта келе, Мэй ажырасқаннан кейін тіпті ет, балық немесе тауық алуға қаражаты болмағанын айтты. Бірақ таңертең қорқынышсыз оянған кезде бұл шешімнің дұрыс болғанына көзі жетіпті. 

Оның айтуынша, әйелдер өз проблемалары туралы айтуы керек және ешқашан қорлыққа көнбеуі қажет. 

Сыртқы келбетіне тоқтала отырып, Мэй Маск өзінің тәні мен сырт келбетін қалай бар солай қабылдайтынын айтты.

«Менің бетімде және денемде әжім көп, бірақ мен өзіме толықтай қанағаттанамын. Еркектер сырт келбеттерін мақтанышпен көрсетіп жатады ғой, біз де сондай болуымыз керек,» — деді ол. Мэй қазір де купальникті кие беретінін айтып өтті. 

Балалары туралы айта келе, Мэй олардың жетістіктеріне мақтанатынын айтты. 

Қызы Тоска киноиндустрияға бет бұрса, ұлы Кимбал шебер аспаз екен. Ол сондай-ақ Илонамен мақтанатынын, бірақ оның өмірінде үлкен тәуекелдер бар екенін мойындады. Мэй Илонды күнге теңеп, «оған тым жақын барсаң, күйіп қалуың мүмкін» деді.

Илон Масктың 76 жастағы анасы Алматыға келіп, қазақстандық әйелдерге ақыл-кеңесін айтты
Фото: foodandmood.berlin.bigmir.net/rid/celebrity

“Мен әрқашан балаларыммен мақтанамын және олардың таңдауларына араласпауға тырысамын. Әрқайсысы өмірден өз жолын тапты. Кимбал бизнеске кетті, бірақ біз үшін әрдайым тамақ әзірлейді. Тоска киноны жақсы көретін және әрдайым киноиндустрияда болуды армандады. Біз оның адвокат болғанын қаладық, бірақ ол романтикалық әйелдер туралы фильм түсіргісі келетінін айтты. Илонмен қатты мақтанамыз. Әлем үшін жақсы іс тындырып жүр, оны әрқашан қолдаймыз. Бірақ оның орнында болғымыз келмейтін еді, өйткені ол жерде тәуекел көп. Ол өте көп жұмыс істейді, түнгі 12-де барлық әріптестерін жинап, кездесу өткізуі мүмкін және бәрінің келуін талап етеді. Ол тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Сондықтан да ол таңғажайып жетістіктерге жетеді”, — деді Мэй Маск.

Ол қазақ әйелдеріне бірқатар кеңестерін берді. Проблемалардан шығудың жолын жоспарлаудың маңыздылығын атап өтіп, әйелдерді мейірімді, сыпайы және жанашыр болуға шақырды. Ең бастысы, өзіңізді бірінші орынға қойып, қиын жағдай болса одан шығудың жолын қарастыру қажет екенін, зиян келтіретін адамдарға өз өмірлерін арнамауға кеңес берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!