Иранның Израильге қарсы әскери әрекеттері жергілікті уақыт бойынша таңғы 4:00-де аяқталды. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің 24 маусым күні Тегеран уақытымен 4:03-те X әлеуметтік желісінде жарияланған мәлімдемесінен белгілі болды, деп хабарлайды “Адырна”.
«Қуатты қарулы күштеріміздің Израильдің агрессиясы үшін жаза ретінде жасаған әскери операциялары таңғы сағат 4:00-ге дейін, соңғы минутқа дейін жалғасты», – делінген бұл жазбада.
Сонымен қатар, дипломат өз елін «соңғы қаны тамғанша қорғауға дайын» және «соңғы минутқа дейін жаудың кез келген шабуылына жауап беретін» ирандық әскерилерге алғыс айтты.
Кейбір бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары Иран Сыртқы істер министрінің бұл мәлімдемесін Ислам Республикасының Израильмен қақтығыста атысты тоқтатуға дайын екенінің белгісі ретінде қабылдады.
Бұған дейін, 23 маусым кешке, АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Иран мен Израильдің алдағы бірнеше сағатта атысты тоқтатуға дайын екенін хабарлаған болатын.
Алайда, Тегеран уақытымен 3:46-да Аббас Арагчи X желісінде Иран мен Израиль арасында атысты тоқтату туралы келісім жоқ екенін, бірақ егер Израиль Тегеран уақытымен таңғы 4:00-ге дейін әрекетін тоқтатса, Иран да «жауап беру әрекеттерін» доғаруға дайын екенін жазды.
«Қазіргі уақытта атысты тоқтату немесе әскери операцияларды тоқтату туралы ешқандай «келісім» жоқ. Алайда, егер Израиль режимі иран халқына қарсы заңсыз агрессиясын Тегеран уақытымен таңғы сағат 4:00-ге дейін тоқтатса, біз де бұл уақыттан кейін жауап әрекеттерімізді жалғастыруды көздемейміз. Біздің әскери операцияларды толық тоқтату туралы соңғы шешім кейінірек қабылданады», деп жазды Арагчи.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!