Фото: jinhaagency.com/Пахшан Азизи
Иранда күрд журналисі және құқық қорғаушы Пахшан Азизи өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оған үкіметке қарсы қарулы көтеріліске шыққан ереуілшілер тобының құрамында болды деген айып тағылған. Үкімді Иран Ислам революциясы сотының Тегерандағы 26-бөлімі шығарды. Құқық қорғаушы бұған дейін “Күрдістан еркін өмір” партиясына мүше болды деген айыппен төрт жылға сотталған.
Пахшан Азизиді 2023 жылы 4 тамызда Тегеранда Иранның барлау қызметі тұтқындады. Қауіпсіздік күштері журналиспен бірге оның бірнеше туысын ұстаған, алайда олар бірнеше күннен кейін босатылды. Қамауда болған кезде Азизидің отбасына баруына және адвокатпен кездесуіне рұқсат етілмеген. Желтоқсан айында ол Эвин түрмесінің әйелдер бөліміне ауыстырылды.
Hengaw сайтында Азизидің хаты жарияланды, хатта ол өзінің күрд әйелі ретінде көрген қиындықтарын сипаттап, қамауда отырғанда бірнеше рет азапталып, қорлық көргенін айтады. Әйелдің айтуынша, жауап алу кезінде оны асып қойып, кейде 10 метр тереңдіктегі жерге көміп тастаған. Ол бес ай бойы жалғыз камераға қамалып, аштық жариялаған.
Пахшан Азизи алғаш рет 2009 жылы 16 қарашада Тегеран университетінде күрд студенттерінің жиналысы кезінде тұтқындалған. Журналист төрт айдан кейін кепілмен босатылып, кейін Ираннан кетіп, соңғы жылдары Ирактағы күрдтердің көп шоғырланған аймағында тұрған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!