Иранның қазақтар мекендейтін Горган қаласына да шабуыл жасалды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

Бұл туралы Иранда тұратын қазақ Жафар Шадкам өзінің әлеуметтік желі парақшасында бөлісті.

«Мына видеоны маған Горганнан жіберген. Мен өзім қазір Меккедемін. Қазақтарды көшіріп аламыз деуші еді. Еш хабар жоқ. Жағдай қиындап бара жатқан сияқты» – деп жазды ол.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға өз бетімен барып, азаматтық алғысы келетіндердің көпшілігінде қазақ екенін растайтын құжаттар жоқ.

Сол себепті, оларға бұрынғыдай виза беру де тоқтатылған.

Ирандағы қазақ диаспорасы негізінен елдің солтүстік-шығыс бөлігінде, Тегераннан шығысқа қарай 400 шақырым жерде орналасқан Горган қаласында шоғырланған. Бұл қазақтар ең көп тұратын аймақ саналады. Жалпы тұрғындар саны 300 мыңнан асатын Горган – Гүлстан провинциясының орталығы. Провинция халқы 1 миллион 600 мыңнан астам адамды құрайды.

Қазақтар Гүлстандағы Бәндар Түркімен, Аққала және Гүмбед қалаларында да тұрады. Бұл өңірде қазақтармен қатар түркімендер мен күрд ұлттарының өкілдері де тығыз қоныстанған. Ирандағы қазақтардың жалпы саны шамамен 3-4 мың адамға жетеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!