Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Израильді әскери қылмыстар, этникалық тазарту және адамзатқа қарсы қылмыстар жасаған деп айыптады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Ұйымның дерегінше, қаңтар-ақпан айларында жүргізілген «Темір қабырға» операциясы кезінде Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Дженин, Тулькарм және Нур-Шамс палестиналық лагерьлерінің шамамен 32 мың тұрғыны күштеп үйлерінен шығарылған. Арада он ай өткеніне қарамастан, олардың ешқайсысы туған үйлеріне орала алмаған. Ал жүздеген ғимарат қираған күйінде қалған.
105 беттен тұратын есепте Израиль әскери бөлімшелерінің үйлерді тінтіп, тұрғындарға қоныстарынан кетуді дрондар арқылы хабарлаған. Көшірілген тұрғындар туыстарының үйлеріне, мешіттер мен мектептерге бас сауғалауға мәжбүр болған.
Human Rights Watch зерттеушісі Милена Ансаридің айтуынша, бірде-бір отбасы туған үйіне қайта кіре алмаған. Израиль әскері инфрақұрылым «қарулы топтар қолданбас үшін» қиратылғанын айтқанымен, тұрғындардың қашан қайта орала алатыны туралы мәлімет бермеген.
Ұйым спутниктік суреттерді, бұйрықтарды және видеожазбаларды талдау арқылы 850-ден астам нысанның жойылғанын анықтаған. Ал БҰҰ бағалауы бойынша бұл көрсеткіш 1460 ғимаратқа жетеді.
Human Rights Watch израильдік шенеуніктердің операцияны «террористік элементтерге қарсы» деп түсіндіргенін, бірақ жаппай көшіру мен тұрғындардың қайта оралуына тыйым салудың нақты себебін көрсетпегенін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!