Фото: @idfonline
KAZINFORM – Израиль армиясы Голан жоталары ауданындағы Сириямен шекарадағы буферлік аймақтан тысқары шықты. Бұл туралы израильдік екі шенеунікке сілтеме жасап The New York Times (NYT) хабарлады, деп жазды ТАСС ақпарат агенттігі.
Олардың пікірінше, Израиль әскерлерінің Голанның сыртына қайта орналастырылуы Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың елден кетуіне байланысты және бұл аймақтағы тұрақсыздықтың күшеюіне әкелуі мүмкін.
Басылымның мәліметінше, еврей мемлекеті армиясының буферлік аймақтан тыс жерде екенін Израиль армиясы Бас штабының бастығы Герци Халевидің Сирия аумағына әскерді орналастыру туралы мәлімдемесі растады.
27 қарашада оппозициялық қарулы топтар Сирияның Алеппо және Идлиб провинцияларында үкімет позицияларына қарсы ауқымды шабуыл жасады. 7 желтоқсан күні кешке олар бірнеше ірі қаланы басып алып, келесі күні Дамаскіге кірді, содан кейін армия бөлімдері астанадан шығып кетті. Асад Сирияның ішкі келіссөздерінен кейін президенттік қызметті босатып, елден кетті.
8 желтоқсан күні таңертең Израиль армиясы Сириямен шекарадағы буферлік аймаққа өз күштерін орналастыратынын ресми түрде жариялады.
Премьер-министр Беньямин Нетаньяху бұл әрекеттер Араб Республикасындағы соңғы оқиғаларға байланысты, қорғаныс сипатында және уақытша шара екенін түсіндірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!