Фото: AFP

Ливан астанасы Бейрут қаласына Израиль жасаған әуе шабуылдарының салдарынар кемі 6 адам қаза тауып, 11 адам жараланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ВВС-ге сілтеме жасап.

ҚАЛА ОРТАЛЫҒЫНА ШАБУЫЛ

Израиль әскері Бейруттағы «Хезболла» тобының нысандарына дәл соққы жасалғанын хабарлады. Ливандық дереккөздер мұны растап, соққы нәтижесінде «Хезболла» тобына тиесілі медициналық орталық қирағанын мәлім етті.

ВВС тілшілері қала орталығында қатты жарылыс даусын естігенін, қаланың оңтүстігінде жалпы бес жарылыс болғанын айтқан. Қираған ғимараттар Эль-Башура ауданында орналасқан.

Израиль әскері Бейрутқа алғашқы соққыны дүйсенбі күні түнде жасаған, оған дейін қаланың оңтүстік жағында «Хезболла» тобының нысандарына шабуылдап келген. 

ВВС ЦАХАЛ соққы жасар алдында түнде Ливан астанасының оңтүстігіндегі тұрғындарға ауданды тастап кетуге шақырғанын жазады.

«Сіздер «Хезболлаға» тиесілі нысандарға жақын жерде орналасқансыздар, таяу уақытта әскер оларға қарсы әрекет жасайды» деп хабарлаған Израиль әскерінің өкілі Авихай Адраи.

Ливан денсаулық сақтау министрлігі соңғы тәулікте Израиль соққыларынан 46 адам қаза тауып, 85 адам жараланғанын жазды.

ОПЕРАЦИЯНЫҢ КЕЛЕСІ КЕЗЕҢІ

Дүйсенбі күні кешке Израильде әскери министрлер кабинетінің отырысы өтіп, онда Хезболлаға қарсы операцияның келесі кезеңі бекітілген. АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Мэттью Миллер брифингте Израиль билігі Вашингтонды «бірқатар операция» жасалатыны туралы, соның ішінде Ливандағы жерүсті операциялары туралы хабардар еткенін айтқан.

Ұзамай «Хезболла» жетекшісінің орынбасары Наим Кассем топ Израиль шабуылына дайын екенін айтты. Ол ұйымның басшысы Хасан Насралла мен бірқатар жоғары лауазымды қолбасшының қазасы топ үшін күшті соққы болғанын мойындады, бірақ оның әскери мүмкіндіктері өзгеріссіз қалғанын атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!