KAZINFORM – Жексенбі күні АҚШ президенті Израиль мен ХАМАС-ты Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімге келуге шақырды, деп хабарлайды Euronews.

АҚШ президенті Дональд Трамп Газадағы қақтығысты тез арада шешуге шақырып, анклавтағы 20 айдан бері жалғасып келе жатқан қақтығыстарды тоқтату туралы келісімге келуді талап етті. 12 күнге созылған Иран-Израиль соғысы бітіммен аяқталғаннан кейін Израильдің ХАМАС-пен келіссөздері белсенді кезеңге өткені белгілі.

AP Израиль шенеунігіне сілтеме жасап, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху алдағы апталарда Вашингтонға баратынын жазды. Ал жақын күндері стратегиялық жоспарлау жөніндегі хатшы Рон Дермер атысты тоқтатуды талқылау үшін ол жаққа келуді жоспарлап отыр.

АҚШ президенті Газа секторында бітімге келуге шақырудан бірнеше сағат бұрын Израиль оған соққы беріп, кем дегенде 60 адамның өмірін қиды, деп хабарлады Палестинаның медициналық мекемелері.

Атыс жұма күні кешке басталып, сенбі күні таңертеңге дейін жалғасты. Мәйіттер жеткізілген Әл-Шифа ауруханасы қызметкерлерінің айтуынша, 12 адам қоныс аударғандар орналасқан Газа қаласындағы Палестина стадионының жанында, ал сегіз адам пәтерлерде қаза тапқан.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, 20-дан астам мәйіт Насер ауруханасына жеткізілді.

Сенбі күні түс ауа Газа қаласының шығысындағы көшеде болған шабуылда 11 адам қаза тауып, олардың мәйіттері Әл-Ахли ауруханасына жеткізілді.

Газада мәміле жасаңдар. Кепілдегілерді қайтарыңдар,- деп жазды Трамп жексенбі күні таңертең әлеуметтік желіде.

Екі күн бұрын ол атысты тоқтатуға келесі аптада қол жеткізуге болатынын айтты. Журналистердің бұл туралы сұрағанына ол: «Біз Газа мәселесімен айналысып жатырмыз және оны шешуге тырысамыз», – деді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!