АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қатысқаны үшін Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына ұсынылды.Бұл бастаманы 24 маусымда АҚШ Конгресінің республикашыл мүшесі Бадди Картер көтерді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Fox News сайтына сілтеп.

Ақпаратқа сәйкес, Норвегияның Нобель комитетінің төрағасы Йорген Ватне Фриднеге жолдаған ресми хатында Картер Трамптың қарулы қақтығысты тоқтатып, аймақта ядролық қарудың таралуына жол бермегендегі «ерекше әрі тарихи рөлін» атап көрсеткен.

«Бірнеше апта бұрын әлем ауқымды өңірлік соғыстың алдында тұрған еді, бірақ дәл осы шешуші сәтте Трамп президент ретінде батылдық пен табандылық танытып, атысты тоқтату жөніндегі шектеулі келісімге қол жеткізе алды», – делінген хатта.

Картердің пікірінше, екі қарсы тарап арасында қол жеткізілген, бастапқыда мүмкін емес болып көрінген бұл келісім – дәл Трамптың әрекеттерінің нәтижесі. Оның айтуынша, президенттің бастамасы Таяу Шығыстағы шиеленісті төмендетіп қана қоймай, «мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға» ықпал еткен.

Айта кетейік, бұған дейін Пәкістан үкіметі де Дональд Трампты бейбітшілік сыйлығына ұсыну бастамасын көтерген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!