Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс «тек саяси жағдай» болудан қалды. Бұл туралы Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу агенттікке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды KAZINFORM.
Өз сөзінде Елші гуманитарлық трагедия болып жатқанын баса айтты.
«Бұған тек саяси жағынан баға беру қате болады. Палестиналық бауырларымыз, әсіресе әйелдер мен балалар қыршыннан кетіп жатқанда үнсіз қалуға болмайды. ХХІ ғасырда мұндай трагедиялық жағдай – Түркия тарапынан қабылданбайтын, адамшылыққа жатпайтын жағдай. Оңтүстік Африка Республикасы тарапынан Израильдің 1948 жылғы геноцид қылмысының алдын алу және жазалау Конвенциясынан туындайтын міндеттемелерін бұзуына байланысты Израильге қарсы БҰҰ Халықаралық сотына (ICJ) жасаған өтінішті еліміз процесстің басынан бері бақылап келеді. Сот процесіне қосылу мүмкіндіктерін мұқият бағалаған соң, биыл 1 мамырда Сырты істер министріміз Хакан Фидан еліміздің сот процесіне қосылу шешімін жариялады. 7 тамызда Израильге қарсы ашылған сотқа қосылуға ресми өтінішіміз – БҰҰ Халықаралық соты (ICJ) жарғысының 63-бабы аясында геноцид конвенциясына жақтас ел ретінде ұсынылды», – деді М. Капуджу.
Елшінің айтуынша, бейбіт тұрғындарға жасалған бұл шабуылдар басқа мемлекеттердің саяси ғана емес, моральдық және адамгершілік жағынан да қарсылығын тудыруы керек.
«Біз, Түркия осылай ойлаймыз, бұл жағдайға осы тұрғыдан қараймыз. Егер бұл тоқтатылмаса, өкінішке қарай, өзіңіз де айтып өткендей, қауіпсіздік жағынан проблемалар туындауы мүмкін. Бұл бүкіл әлемдегі ортақ проблема болып отыр. Сондықтан Израильдің бұл әрекеттерін бірге тоқтатуға тырысу жолында бәрінің бұған қарсы бірлесіп әрекет етуін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалуы керек. Түркия басқа мемлекеттерді және халықаралық ұйымдарды бұл тақырыпта нақты қадамдар жасауға шақыруды жалғастыра береді. Соңғы қадам жасалғанша және бұл шабуылдар тоқтағанша Түркияның ұстанымы еш өзгермейді», – деді Қазақстандағы Түркия Елшісі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!