Іnbusiness.kz. Кәсіпкерлер арасында сұрау салумен айналысатын ресейлік «Упал, поднялся» блогының авторы, дара кәсіпкер Слава Рюмин 2026 жылы Ресейді аса ауыр экономикалық дағдарыс күтіп тұрғанына сенімді.

«Оның іргетасы 2025 жылы қаланды. Кәсіпорындарда жаппай қысқартулар, төрт, тіпті үш күндік жұмыс аптасына көшіру, ақысыз демалысқа жіберу тәжірибесі жиі қолданылатынды шығарды. Мемлекет маркетплейстарға шабуылды бастап, импортты шектеді, карго тасымалдарға тыйым салды, сөйтіп, Қытайдан бастау алып, Қазақстан арқылы келетін «Ұлы Жібек жолын» бұғаттады, шекараның алып фуралармен тығындалуы дәстүрге айналды. ҚҚС күрт көтерілді, салдарынан дүкендер бағасын бірнеше толқынмен дүрк көтеруде. «Арнайы әскери операция» жалғасты, демек, биыл мемлекеттің шығындары арта береді. Соның кесірінен Орталық банк шешуші ставканы көп түсіре алмайды, содан несие қымбат, бұл бизнестің «қатып қалуына» соқтырды», – деп санамалады эксперт.

Ол өз каналы арқылы «2026 жылы тірі қалу үшін бизнес не істеуі керек?» деген тақырыпта сауалнама жасапты. Қысқаша қорытынды «рецепті» келесідей: Жылқы жылында кіре тартар күрең аттай тоқтаусыз жұмыс істеуге тура келеді.

Қазіргі кезде Росстат шағын бизнес туралы статистикасын жариялауды қойды. Салмақты ақпарат құралдары ол жақта үрейлі процестер жүріп жатқанын айтып, мысалдар келтіріп жүр. Бірақ статистика жүзінде оны тексеру қиын. Алайда әр саланың алпауыттары – орта және ірі бизнестің үлкен күйзелісті бастан өткеріп жатқаны байқалады. «Жуан созылғанша жіңішке үзіледі» дейді халық даналығы.

2025 жылы жауапкершілігі шектеулі қоғамдар (ООО, бізше ЖШС) саны 2024 жылғыға қарағанда 26%-ға кеміген. Яғни, Рюминнің байламынша, былтыр Ресей «дағдарыс фазасына» кірді және 2026 жыл одан да нашар болғалы тұр. Өйткені салықтар өсіп, бизнеске түсетін салықтық жүктеме биыл күрт артты.

Бұған дейін 2026 жылы бизнесін, кәсіпорнын кеңейтуді жоспарлағандар, немесе алғашқы ісін ашқысы, жобасын іске қосқысы келгендер ол райынан қайтты. «Ведомости» газетінің жазуынша, 2025 жылы кем дегенде 800 мыңнан астам кәсіпкер өз бизнесін жауып, жалақыға күн көру үшін жалдамалы жұмысшы болып жалданған.

Лизингтік компанияның, метал конструкциялы бұйымдар өндірісінің иесі Григорий Торшин РФ Орталық банкінің шешуші ставкасының және банктердің қайта қаржыландыру ставкасының жоғары болуы салдарынан қаржыландыру қолжетімсіз болып кеткеніне шағымданады.

«Менің бір табыс қайнарым сүт өнімдерінің өндірісіне тәуелді. Ол салада да өндіріс қатты құлдырауда. Былтырғы жылдың қорытындысы сол, ресейліктер енді тіпті сүт, қаймақ, май, айран сияқты базалық азық-түлік өнімдерінен де қатты үнемдей бастады. Орталық банктің жоғары ставкасы кесірінен кәсіпкерлер жобаларын белгісіз мерзімге «қатырып» тастауда. Оның арасында біз де бармыз. Әдетте кез келген бизнес 20–30% ғана табыстылық әкеледі. Оның аясында 16%-дан жоғары мөлшерлемемен кредит алсақ, оны көтере алмаймыз. Себебі, алым-салықтар еселеп өсуде. Мұндай пайыздарды табысымен өтей алатын компания некен-саяқ», – деді Торшин.

Мәселен, Ресейде қосылған құн салығы (ҚҚС) онсыз да жоғары болатын. Енді ҚҚС 20-дан 22%-ға дейін өсіп кетті. Бұл – әлемдегі ең үлкен салық. Бұған қоса, Қазақстан сияқты РФ та ҚҚС төлеуге есепке қою бойынша шекті күрт төмендетті. Тиісінше, шағын бизнестің жылдық айналымы 20 миллион рублден асса, ол орта және ірі бизнес құралпы ҚҚС төлеуге көшіріледі (бұл 120 миллион теңгеге тең, салыстырсақ, Қазақстанда шек – 43 миллион теңгеге дейін түсірілді).

Алюминий қақпақшалар жасайтын зауыттың иесі Валентин Скуратовскийдің тұжырымдауынша, егер бұрын ҚҚС – бай компанияларға арналған салық болып есептелсе, шектің төмендетілуі кесірінен енді ҚҚС төлеуге ауылдағы шағын дүкендер де ілігіпті. Салдарынан, мұның бәрі тауарлардың қымбатшылығына серпін берді.

Өйткені кәсіпкерлер ҚҚС-ті тауар құнына қосты. Мысалы, ресейлік Озонда, Уайлдберризде және қазақстандық маркетплейстарда өнімін өткізетін селлерлер тауарларының бағасын қаңтардан бастап көтерілген қазақстандық және ресейлік қосылған құн салығы мөлшеріне дейін жаппай өсірді.

Soyuz Microphones компаниясының теңқұрылтайшысы, ресейлік кәсіпкер Павел Баздырев тарихта теңдесі жоқ рекордтық тапшылықтан бюджеті дыр-дыр айрылған мемлекет дефицитті толтыру үшін кәсіпкерлерге қысымды күшейткеніне қапаланады.

«Қыспақтың күн өткен сайын қатая түскеніне куә болудамыз. Мұны біртіндеп, өтпелі кезең беріп жасаса бір сірә, бәрінің бірден, әрі тез енгізілгені қынжылтады. Әрине, мемлекет шағын бизнесті шамалы субсидиялармен, гранттармен қолдайды. Бірақ мемлекеттік қолдауды біз салық түрінде артығымен қайтарамыз. Ол «артық» тіпті артты. Кедей бизнеске баю тіптен қиындай түсті. Бірер жыл бұрын ғана табыс табу үшін бизнес ашу қолайлы болатын. Бүгінде бұл терезені шенеуніктер тарс бекітіп, жауып жатыр. Қазіргі оңайы – бизнесіңізді сатып, не жауып, қалған ақшаны банктегі депозитке салып қою. Биліктегілермен ауыз жаласып, бюджет миллиардтарын игермесеңіз, бизнесте табыс табуға болатын идея қалмады», – деді Баздырев.

Ресейлік кәсіпкер Валентин Скуратовский биылғы жылдың персоналды жұмыстан босатулардан басталып жатқанына назар аудартты. Қожайындар онсыз да аз жалақы алатын төмендегі жұмысшыларға ақырына дейін тиіспеуге тырысады екен. Бірақ менеджерлік буындарға қырғидай тиіп жатқан көрінеді.

«Қарапайым өндірістік жұмысшыларды қысқартуға көп бара қоймаймыз, ол жақта ұқыпты, білікті, өз ісіне жауапты қарайтын жұмыскерлер бұрыннан тапшы. Жабылмаған вакансиялар қаптап тұр. Қысқартулар негізінен көмекші персоналды, менеджерлерді, техникалық қызметкерлерді қамтуда. ІТ-бөлімдер екі себеппен оңтайландырылуда: бір жағынан, байтал түгіл бас қайғы жағдайға жеткен компаниялар экономикалық қиындықтарға байланысты жаңа бағыттарға, озық технологияларға қаржы инвестициялауды қоя бастады. Екінші жағынан, ЖИ-ассистенттер, нейрожелі-көмекшілер жалғыз қалған бағдарламашыға бірнеше адамның жұмысын тындыруға жәрдемдеседі. Бір вакансияға 3 000-дай үміткер таласқан жайт болды», – дейді Скуратовский.

РФ-та қысқартудың жаңа түрі де белең алды: компаниялар қолындағы жұмыскерлерді қысқартпайды, бірақ бос тұрған жұмыс орындарын мүлдем жауып, оған ешкімді алмайды. Салдарынан, жұмыста қалған бір адам үш және одан көп әріптесінің жұмысын еңсеруге мәжбүр.

«Таяуда менің механикалық бұйымдар өндіретін кәсіпорнымның басшысы тосыннан жоғалып кетті. Ұзақ жыл жақсы жұмыс істеп еді. Сырқатына байланысты жарамсыздық парағын рәсімдеткен. Онысы біткен соң үш күн өтті. Келмеді. Себебін түсіндірмеді. Қоңырауға жауап бермейді, жіберілген хабарламаларды оқыған, бірақ жауапсыз қалды. Екі аптадан соң жігіттер әлдебір заттарын әкету үшін оның келіп кеткенін хабарлады. Ішкілікке салынды ма деген жорамал бар. Содан оны ауыстыратын басшы іздемес бұрын, талдау жүргіздім. Қазіргі күрделі жағдайда жаңа бастық ұстауды бюджетіміз «тартпайды» екен», – деді ресейлік бизнесмен Валентин Скуратовский.

Ол компанияның әрбір қызметкерге шаққандағы қаржылай түсімі қатты азайып кеткеніне налыды. Бұл көрсеткіш 2021 жылдан бері құлдыраумен келеді екен. Сондықтан ойласа келе, кәсіпорын қожайыны кетіп қалған бастықтың міндеттемелерін орынбасарларына жүктей салуға шешім қабылдаған.

«Бәріміз әлдебір зымыранның үстінде отырғандаймыз. Оның қайда ұшып бара жатқанын білмейміз. Бірақ басты сұрақ ол емес: зымыран көздеген нысанасына жеткен соң не болады? Не болатынын бәрі түсінеді, айтқысы келмейді», – деп ащы әзілдейді ресейлік кәсіпкер Павел Баздырев.

Lender Invest инвестициялық тұғырнамасының негізін қалаушы және бас директоры Дмитрий Исаков салықтардың, акциздер мен алымдардың өсуі халықтың қалтасын қаға бастағанын ескертті. ҚҚС 20%-дан 22%-ға дейін көтерілді, ҚҚС төлеу үшін есепке қою бойынша бизнес үшін кіріс шегі 60 миллионнан 20 миллион рубльге дейін еселеп төмендетілді. Жеңілдетілген салық режимінде (упрощенка) жұмыс істеу шектелді. Утильалым, отынға және басқа да бірқатар тауарларға акциздік алымдар ұлғайтылды.

Сарапшы мұның бәрі бірінші кезекте халықтың тұрмысын төмендететініне назар аудартты. Ол 2026 жыл салықтардың, акциздердің, өзге алымдардың өсуімен ерекшеленеді дейді.

«Жаңа салықтар тек бір қарағанда зиянсыз болып көрінеді. Шын мәнінде олар халықтың қалтасын қатты қағады. Біріншіден, ҚҚС-тің өсуінен туындаған тізбекті реакция ресми инфляцияның шығандай өсуіне әкеледі. Екіншіден, акциздік алымдардың темекіге 7%-ға, алкоголге 11%-ға, бензинге 5%-ға және басқа тауарларға арттырылуы қымбатшылыққа қосымша серпін береді. Бұл шаралар қаржылық тәртіпті нығайтады және мемлекеттік бюджетті толықтырады, бірақ кәсіпкерлердің шығындарын айтарлықтай арттырады. Бұл елді тоқырауға әкелуі, экономикадағы стагнацияға түрткі болуы әбден мүмкін», – дейді Дмитрий Исаков.

Сарапшының байламынша, стагнация өз кезегінде тізбекті реакция тудырып, экономиканы алапат дағдарысқа итермелейді. Бұл тұжырымды ресми статистика да бекіте түсті: Росстат статистикасына сәйкес, 2025 жылдың алғашқы 11 айында Ресейде 92 өндіріс саласының 70-інде өндіріс көлемі құлдырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!