Фото: Associated Press
KAZINFORM — АҚШ-тың Вашингтон штатындағы үйлердің бірінде атыс болды. Салдарынан 5 адам қаза тауып, жасөспірім күдікті ретінде қамауға алынды. Бұл туралы «Associated Press» хабарлады.
Басылымның мәліметінше, үстіміздегі жылдың 21 қазанында таңертең Сиэтл қаласының оңтүстік-шығысындағы үйлердің бірінде оқ жарақатынан көз жұмған бес адам табылған, күдікті ретінде жасөспірім қамауға алынған.
Атыс туралы 911-ге 21 қазанда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 5:00 шамасында хабарланған. Оқиға орнына жеткен полиция бірден жасөспірімді ұстады, жарақат алған тағы бір жасөспірім Сиэтл қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Екеуі де осы үйде тұрады екен.
Полицияның мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі ересек, үшеуі жасөспірім.
– Мәйіттерді тапқаннан кейін үлкен қылмыс болғанын түсіндік, – деді полиция өкілі.
Полицияның айтуынша, атыс отбасы мүшелерінің арасында болған. Алайда олардың қандай қатысы бар екені белгісіз. Күдікті ретінде ұсталған жасөспірім Кинг округінің кәмелетке толмағандар абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!