Ливанның оңтүстігіндегі Сидон қаласына Израиль әуе күштері жасаған шабуыл салдарынан 13 адам қаза тапты. Бұл туралы Reuters агенттігі Ливан Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әуе соққысы палестиналық босқындар тұратын Айн-эль-Хилве лагеріндегі жаттығу нысанына бағытталған. Министрлік мәліметінше, тағы төрт адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Бұған дейін, 6 қарашада Израиль Қорғаныс армиясы Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» қозғалысының инфрақұрылымына қарсы бірқатар соққылар жасағанын хабарлаған. Израиль тарапының мәлімдеуінше, бұл нысандар қозғалыстың инфрақұрылымды қалпына келтіру мақсатында пайдаланылған.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху 2 қарашада Ливандағы «Хезболла» күштерінің қайта қарулануға талпынысы қауіп төндіретінін айтып, атысты тоқтату режимі аясында өзін-өзі қорғау құқығын қолданатынын мәлімдеген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
