Фото: Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы

Сағат 11.00-дегі мәліметке сай, Өзбекстанда өтіп жатқан парламент сайлауында азаматтардың 29,58% дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Орталық сайлау комиссиясынан мәлім еткендей, қамтылып отырған аралықта сайлаушылар тізіміне енген 19,9 миллионнан астам өзбекстандықтың 5,9 миллионы өз таңдауын жасады. Оның ішінде Ферғана (34,9%), Хорезм (33,2%) және Андижан (33%) облыстарында дауыс бергендердің үлесі басым.

Шет елдерде орналасқан сайлау учаскелеріде дауыс бергендер туралы дерек 28 қазанда жарияланады. 

сайлау
Фото: Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы

Еске салайық, бүгін Өзбекстанда Заң шығару палатасына (парламенттің төменгі палатасы) және облыс, қала мен аудан кенгаштарының депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Дауыс беру 20:00-ге дейін жалғасады.

Биыл парламент сайлауы тұңғыш рет пропорционалды-мажоритарлық жүйемен өтеді.

Сонымен қатар, сайлау күні түрлі себептерге байланысты тұрғылықты мекенжайында бола алмайтын тұрғындар үшін 16-23 қазан аралығында мерзімінен бұрын дауыс беру ұйымдастырылды. Онда 1 миллионнан астам сайлаушы өз таңдауын жасады.

Еске салсақ, парламент сайлауына 5 партия қатысып жатыр: Өзбекстанның либералдық-демократиялық партиясы, Өзбекстанның экологиялық партиясы, Халықтық-демократиялық партия, «Милли тикланиш» демократиялық партиясы және «Адолат» социал-демократиялық партиясы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстандағы парламент сайлауында кейбір учаскелерге электрондық дауыс беру жүйесі енгізілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!